«Жаркенттегі орталық мешітте жұма намазынан шыққан бір топ жас Әулиеағашты өртеу керек деген жоспар құрған екен» деп тағы біреу сыбырлайды. «Көктегі Аллаһты ұмытып, жердегі ағашқа табынып кеттіңдер», «бұтағына шүберек байлап, тамырына шоқынып жүрсіңдер» деп қатты ашуланған екен діншіл қауым.
Осы хабарды естідім де тағы қапа болдым. Қапа болғаным – бәлен ғасыр жасаған, шірік, кәрі ағашқа тепсе темір үзетін бір топ зіңгіттей жастың шамалары жетпегені.
О, ерлік деп Ақтөбелік жігіттердің қимылын айт! Олар 2007 жылы жазда Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы «Қыз әулие» деген жердегі әулие қызға қойылған құлпытасты қиратып, басындағы жалғыз ағашты өртеп жіберген. Міне, азамат!
Ал нағыз «жиһад» – «Талибан» қозғалысының жетекшісі молла Мохаммад Омардыкі. Ол осыдан он шақты жыл бұрын Ауғанстан билігін қолға алып, «пұтқа табынушылыққа қарсы соғыс аштым» деп, «ел аумағындағы мүсіндердің бәрін қирату керек» деген заң шығарған. Жарылғыш қойып, зымыранмен төмпештеп, танкімен атқылап жүріп, 2001 жылдың 26 ақпанында Будданың екі тас мүсінін жермен-жексен қылған. Бірі 38, бірі 53 метрлік бұл екі мүсін он сегіз ғасырдан бері мызғымаған екен. Әне, ер болсаң – талибтардай бол!
Әулиеағаштың әңгімесін естіген соң көңіліме қауіп кіре бастады. Шөп-шалам, орман-тоғай, тау-тасқа қарсы (әзірше соларға қарсы!) «жиһад» ашқан, көпқұдайлыққа соққы беріп, жалғыз құдайдың «қамын жеп жүрген» қандастарым тереземнің алдында тұрған қисық талды да өртеп кетпес пе екен, а? Әйелім жіптің бір ұшын балконға, бір ұшын сол ағашқа байлап, кір жайып қоюшы еді демалыс күндері...
qiasbay@gmail.com
Данияр деген оқырманның "Хабар - сізден" айдарына жолдаған бейнекөрінісі: "Әулиеағаш өртенбепті"