– Хажиме машите, Ямада сан!
– Хажиме машите, Серік сан!
– Сізбен әңгімемізді жапон ғылымы тарихынан бастасақ, қарсы болмассыз. Жапон ғылым, техникасы қысқа уақыт ішінде қалай дүниенің алдыңғы қатарына шыға алды?
– Мен сенің айтқан сөзіңе келіспес едім. «Жапон ғылымы қысқа уақыт ішіне ғана дамып, алдыңғы орынға шықты!» деу – сырттай тон пішкендердің сөзі. Жапон ғылымының, Ханко (бұл жапон ақсүйектерінің ілімі) және Теракйа (будда ілімі) деген екі ағымға сүйенген ғылымның іргетасы болды. Арғы тарихымызды айтпағанда, 1850 жылы халықтың 87 % сауатты болды. 1889 жылғы заң өзгерісіне кейін жапон ғылымы жаңа дәуірге аяқ басты.
Соғысқа дейін-ақ жапон елі дүниедегі қуатты елдердің біріне айналды. 1905-1906 жылдардағы жапон-орыс соғысынан ақ Жапонияның қандай мықты ел болғанын білуге болады. Дүние жүзілік екінші соғыстан кейін жапон халқы қайғыны қайратқа айналдырып, енді әлемді соғыс арқылы емес, өз ғылымы мен техникасы арқылы жалт қаратты.
– Жапон техникасының дамуына екі реткі әлемдік соғыста қолданылған техникалар бейбіт күнде азаматтық мақсатта пайдаланылып, сіздерді алға жетелеген жоқ па? Мәселен, соғыстан кейін Германия, Жапония, Италия ғылым, техника жағынан ғарыштап дамыды.
– Әрине, соғыста небір жаңа техникалар ойлап табылғаны сөзсіз. Алайда соғыстың пайдасынан зияны көп екенін өзіңіз де білесіз. Ал Германия, Италияның жолы бізбен мүлде ұқсамайды.
– Хиросима, Нагасакиға тасталған атом бомбасының зардабы жойылды ма?
– Толық жойылды деп айта алмаймыз, алайда ондағы халыққа барлық көмекті жасап жатыр. Жапон халқы өз басына келген осындай зұлматты ешқашан естен шығарған емес. Өткен жылы АҚШ презденті келіп кешірім сұрады.
– Біздің Семей даласы да 50 жылдан артық уақыт атомдық сынақтың ошағына айналды. Қазір сондағы қазақ халқы радиацияның зардабын шегіп жатыр.
– Билік барлық күшті жұмылдырып радиацияның зардабын жою керек. Мемлекеттің ең асылы–халқы.
– Жапония атом бомбасының зардабын шегумен бірге атом электр станциясының игілігін көріп отыр екен. АЭС-ке қалай қарайсыз? Бізде АЭС салуға халық қарсы шығып отыр, себебі Семей сынақ алаңының зардабын әбден тартқан халық «Совет одағы кезіндегі Чернобыль апаты тағы қайталана ма» деп қорқады.
– Атомды қару мен бейбіт мақсатта қолдану – екі басқа. Біз атом бомбасының зардабын шектік деп АЭС-тен бас тарта алмаймыз. Себебі қазір ең үнемді, экономикалық жақтан тиімді, экологиялық жақтан ортаны аз ластайтын энергия өндірудің жолы – АЭС салу. Біз «шегірткеден қорыққан егін екпес» деп, қол қусырып отыра алмаймыз. Біздің аядай жерде 127 милион халық өмір сүреді. Халыққа энергия, өндіріс керек. Әрі Совет кезіндегі жағдай мен қазіргі жағдай мүлде ұқсамайды. Жапон ғалымдары АЭС-ті қауіпсіз пайдалану жолдарын тауып болды, сондықтан Чернобыль апаты тағы қайталанбайды.
–АЭС-ті салуда АҚШ және жапон елі арасында айырма бар ма?
– Бар. АҚШ-тың жер көлемі өте кең ел. Онда жобаланған жобалардың барлығы кең пішіледі де, жоба сапалы болғанымен, жерді үнемдеп істетпейді. Олар АЭС салса, бірнеше жүз шақырым айналасына тұрғындар тұрмайтын жоба жасайды. Олар тек АҚШ-қа икемдеп жасайды. Ал біздің жобалар Жапонияға икемделіп жасалған. Себебі бізде жер аз. Біз барлық мүмкіндікті пайдаланып, АЭС-тен адамға зиян келмеу жағын қарастырамыз және АЭС-ке жақын жерде тұрғындар тұратындай етіп жасаймыз. Басты айырмашылық осы.
– Қазақстан елін жақсы білесіз бе?
– Білемін. Қазақстан – Азиядағы жер көлемі ең үлкен елдердің бірі.
– Бізде элементтер кестесіндегі элементтердің бәрі бар. Мұнай мен газға бай ел...
– Ал халықтың тұрмыс өресі бізге жете ме? Сен инженер медтехниксің – қанша жалақы аласың? Сенің өмірің, денсаулығың, тұрмысың Жапониядағыдай қамсыздандырылған ба? Сен біздің грант болмаса, тіпті, сол байлықтың ортасында отырып бізге келіп оқи алмас едің.
– ...
– Алайда мен қазақтардың болашағына үмітпен қараймын. Себебі біздің бағдарлама бойынша Орта Азиядан бізге оқуға келген инженерлердің көбі – қырықтың қырқасына шыққан, пенсия жасына таяған адамдар болды. Және олардан ешқандай жаңаша көзқарас, білімге деген құштарлық пен ынта байқай алмадым. Олардың көбі өте тартыншақ, өз еліндегі шындықты айтудан жасқанатын жасқаншақ болды.
Ал Қазақстаннан, міне, 25-тен енді ғана асқан жалындаған жас келіп отыр, менен сұхбат алып отыр. Демек Қазақстанда жастарға жол беретін, сенетін орта бар деген сөз. Мен «Қазақстан елінің байлығы не?» деп сұраса, «Мұнай, газ, көмір, алтыны емес, сен сияқты жалынды жас мамандар» дер едім.
– Қазір Қазақстан денсаулық сақтау саласына көптеп мән беріп, осы заманғы жабдықтармен, аппараттармен жабдықталған жаңа орталықтар құру үстінде. Осы барыста тәжірибесі жоқ ел нелерге көңіл бөлу керек деп ойлайсыз?
– Иә, мен Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы талпыныстарын сенің баяндамаңнан көріп, расында таң қалдым. Алайда озық аппараттарды сатып ала берумен іс бітпейді
Бірінші: қазір медициналық аппараттар мен жабдықтар шығарып жатқан елдердің бәрі Азия, Орта Азия, Африкадағы елдерге ең соңғы үлгідегілерін сата бермейді. Тұрып қалған, өтпеген аппараттармен жабдықтарды өткізуге тырысады. Сондықтан аппараттар мен жабдықтарға дұрыс анализ жасайтын, сапасы мен экономикалқ тиімділігін анықтай алатын инженер медтехниктерды даярлау керек.
Екінші: аппарат, жабдықтарды сатып алып, оны көрмеге көрсеткендей болмай, ол аппараттың толық мүмкіндігіне дейін қолданатын қолданушы маман болу керек.
Үшінші: сатып алған аппарат пен жабдықтардың жұмыс істеу ғұмырын ұзартып, дұрыс жұмыс істеуі үшін оған алдын-алу, техникалық қарау, қызмет жасайтын, мықты даярлықтан өткен маман керек. Сол үшін мамандарды аппараттар мен жабдықтар өндіретін елдерге көптеп жіберіп, оқыту керек. Сонда ғана көздеген мақсатқа жетуге болады.
– Жапон азаматы ретінде біздің қазақ халқына не айтар едіңіз?
– Мен Орта Азия туралы, ондағы халықтың жағдайы туралы жақсы білемін. Сендерде байлық болғанмен, соған ілесе жемқорлық өте дендеп алған деп естідім. Жемқорлық дендеген жерде ғылым да, техника да, қоғам да дамымайды. Сен «бізде барлық байлық бар» деп мақтанба. Жердегі байлық қашанда болмасын таусылады. Біздің Жапонияда ешқандай табиғи байлық жоқ – бізде тек екі қол мен басымыз ғана бар!
– Ямада сан, әңгімеңізге рақмет!
http://kokjal83.wordpress.com