Al Jazeera («Әл Жазира») телеарнасы мамырдың 16-сы күнгі материалында Қазақстанды «Құбырстан» деп атапты. Телеарна сарапшысы «Орталық Азияда халықтың наразылығына қарамастан көмірсутегі ресурстарына геосаяси бақылау орнату күресі жүріп жатыр» дейді.
Тунис пен Египеттегі жағдайларға қарамастан, әлемнің Солтүстік Кореядан Мьянмаға, Сауд Арабиясынан Орталық Азияға дейінгі аймағында орныққан автократиялық режимдер әлі өз күшінде. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғашында «2030 жылы Қазақстан Орталық Азияның барысына айналады» деп уәде бергенін келтіріпті телеарна. Енді, араб революциясымен бетпе-бет келіп тұрған Назарбаев «барыстың тұрақтылықты қажет ететіндігін», яғни «жасмин гүлінің хош исін» сезінгісі келмейтінін жеткізді. «Ал «барыстың» өзі тақта отырып өлуге айналды» дейді Al Jazeera.
«БАРЫСҚА» ТЕК ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ
Телеарна стратегиялық маңызды табиғи байлықтарға ие Қазақстанды Орталық Азиядағы экономикалық әлеуеті жоғары ел деп сипаттапты. Тек бір ғана кемшілігі – Сауд Арабиясы сияқты халқы 16 миллион адамды ғана құрайды (тек Сауд Арабиясымен салыстырғанда бір шаршы шақырымға алты адамнан кем).
Дегенмен, территориясынан болашақ Азия, әсіресе Қытай мен Үндістан, және Еуропа үшін аса маңызды мұнай-газ құбырлары өтетін «Құбырлар елі» - Қазақстанның Еуразиядағы «Үлкен геосаяси ойында» басты ойыншы болуына тура келді деп жазады Al Jazeera. Таяу Шығыс секілді Орталық Азияның да Вашингтон мен НАТО үшін стратегиялық маңызы зор болып табылады. Ал әзірге Қазақстан мен Түркіменстанның энергетикалық алыптарына «араб көктемінің» исі сезіліп тұрмағандықтан, Пентагонның стратегтеріне аймақ үшін алаңдауға негіз жоқ екенін айтады телеарна.
Таяу Шығыстағы секілді, Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов және Гурбангулы Бердімұхамедов үнемі «тұрақтылық» ұранын қайталап келеді. Тек жиһадшыл «Әл-Қаида» тобы, оның ішінде «Талибанмен» байланысты «Өзбекстан Ислам қозғалысы» ғана аймақтың тыныштығын алып отыр.
Ислам Каримов, Өзбекстан президенті, Хосни Мүбәрак, бұрынғы Египет президенті және Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті
Al Jazeera «алайда, нөмірі бірінші Барыс та, Пентагон да өзін қаншалықты қауіпсіз сезінсе де, Солтүстік Африкадағы толқулардың лебі Орталық Азия даласына келе алмайды деуге негіз жоқ» деп жазыпты. Өйткені әлеуметтік теңсіздіктен бастап жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің жоғарылап кетуі, жемқорлықтың асқынып, президенттің туған-туыстарының қазынаны тонауы сияқты факторлар «Құбырстанда» да бар.
Қазақстан мен Әзірбайжан мұнайға бай араб елдеріне ұқсаса, еңбек миграциясына тәуелді Тәжікстан мен Қырғызстан елдері Тунис, Йемен және Египетті еске түсіреді деп жазады Al Jazeera.
Орталық Азияның барлық мемлекеті әлемдік қаржы дағдарысының кермек «дәмін татып», азық-түлік бағасының шарықтауынан зардап шекті. Аймақ халқының 40 пайыздан астамы күнкөріс деңгейінің төменгі шегінде өмір сүріп жатыр.
ШОПАН ҰЛЫНЫҢ САЯСИ АМБИЦИЯСЫ
Al Jazeera авторының жазуынша «Жаңа Үлкен ойында» Қытай Орталық Азияда АҚШ-қа қарсы жүріс жасап отыр. Қытай мұнай компаниялары қазіргі кезде қазақ мұнайының 22 пайызына бақылау жасайды. Бейжің мұнай өндірілетін кез-келген кенішті сатып алады. АҚШ-тың Қазақстандағы мұнай өндірісіндегі үлесінің 24 пайыз екенін ескерсек, бұл пәлендей қауіпті емес дейді Al-Jazeera. Қалай болғанда да, Қытай Шыңжаңға қарай мұнай құбырын әлдеқашан тартып қойып, енді газ құбырын салуға кірісіп кетті. Қытай мемлекетке дендей еніп келеді деген қазақстандықтардың қаупі қазір өмірлік мәселеге айналып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті және Ху Цзиньтао, Қытай төрағасы жаңа мұнай құбырын ашу салтанатында. Астана, 12 желтоқсан 2009 жыл
Телеарна сарапшысының жазуынша, шопанның үлкен ұлы, бұрынғы шойын қорытушы, Қазақстан коммунистік партиясының бұрынғы бірінші хатшысы Назарбаев Каспий теңізінің шығысындағы бұрынғы советтік республикалар арасында тамаша табысқа қол жеткізгенін айтып мақтана алады.
Бірақ, «өзіне мұрагер қалдыру жайын тек отбасылық мәселе деп санайтын нөмірі бірінші Барыс бұл туралы ешқандай ойланып та жатқан жоқ. Қазір ол Орталық Азия одағын құруды армандап отыр» деп жазыпты телеарна сарапшысы. Бұл тұрғыда ол Сібір өзендерін Қазақстанға бұрып, Орталық Азия аймағын сумен қамтамасыз ету, сосын өзара керісіп қалатын республикаларды теория жүзіндегі одаққа біріктіруді көздейтін советтік ескі идеяны тірілтуге бар күшін салып жатыр екен.
«Алайда, еркіндіктің желі әлі басыла қойған жоқ. Күндердің күнінде үрей сезімінің жойылып, тіпті барыстардың өздерінің де төңкеріс теңізіне батып кетуі мүмкін екенін Египет пен Сирия дәлелдеп берді» деп түйіндейді Al Jazeera сарапшысы мақаласын.