Орталық және Батыс Қазақстанда этникааралық қатынас қиындап кетуі мүмкін

Қазақстан халықтары ассамблеясына қатысушылар. Астана, 20 қазан 2010 жыл

Ресей мен Батыс баспасөзі Қазақстандағы электр қуатын өндіру және тұтыну мәселелерін, «Бритиш газ» компаниясының қысым көріп жатқанын және «ұлтаралық татулық» тұжырымына кереғар факторлар бар екенін талқылап жатыр.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫНЫҢ 35 ПАЙЫЗЫН 13-АҚ ІРІ КОМПАНИЯ ТҰТЫНАДЫ

«Интерфакс» агенттігі мамырдың 19-ы Қазақстан өкіметі 2015 жылға дейін энергетика саласына 7 миллион АҚШ долларын салмақшы деп жазады.

Ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша Қазақстанның вице-премьері, индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев 2015 жылға дейін республиканың энергетика саласына жеті миллион АҚШ доллары салынады деген. Әртүрлі есептеулерге сәйкес 3,700 мегаваттық күші бар қондырғылар белгіленген мерзімде іске қосылмақ.
Астана қаласында президент Назарбаев басқарып отырған шетелдік инвесторлар кеңесінің 24-ші сессиясында Исекешев осындай мазмұнды арнайы мәлімдеме жасаған.
Солтүстік Қазақстандағы электр қуатын тасымалдаушы компаниялардың бірі. Көрнекі сурет

Инвестиция салу келісімдері энергетика саласын жаңаша дамыту үшін негізгі құрал. Республика инвестиция тарту бойынша 63 келісімді жүзеге асырып жатыр деп хабарлайды агенттік. 2010 жылы қуат өндіру мүмкіндіктерін жақсартуға салған ақшаның көлемі 110 миллион теңгеге жетті. Осының арқасында 161 мегаваттық қуаты бар мүмкіндіктер жүзеге асқан.

2010 жылы инвестиция келісімдерін жүзеге асыру бойынша қуат өндіретін компаниялармен жалпы құны 135 миллиард теңге болатын (920 миллион АҚШ доллары) келісімдерге қол қойылды. Одан басқа 831 мегаваттық мүмкіндіктерді игеру жоспарланды.

Исекешев өздерінің электр қуатын тиімді түрде тұтыну мақсатында негізгі компанияларды жаңарту қажеттілігін атап өтті. Ол бұл істің кенжелеп тұрғанын айтқан. «Қазақстандық 13 ірі компания елдегі электр қуатының 35 пайызын тұтынып отыр» деп қосқан ол.

Егер осы компаниялар алдағы бірнеше жылда қуат көзін пайдалануды 10 пайызға азайтатын болса, ұлттық энергетика жобаларына тартылып жатқан ірі инвестициялармен пара-пар пайда әкелер еді деген индустрия және жаңа технологиялар министрі.

«ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ «БРИТИШ ГАЗДЫҢ» ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТЫП ТАСТАМАҚ»

Ал ұлыбританиялық Daily Telegraph («Дейли телеграф») газеті мамырдың 19-ы күнгі санында «Бритиш Газ» компаниясы Қазақстан үкіметімен арадағы ұзаққа созылған тартыста кері шегінбейінше Қазақстан жағы компанияның 23 миллиард АҚШ долларына тең газ кенішін игеру жобасын тоқтата тұрамыз деп қорқытқанын жазады.

Қазақстан өкіметі ұлыбританиялық мұнай компаниясынан Қарашығанақ жобасының он пайыздық үлесін «ҚазМұнайГазға» беруді талап етіп отыр.
«Мұндай келісімге қол жеткізбей, жобаның үшінші кезеңі іске қосылмайды. Түгелдей тоқтайды» деген Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев.
Қарашығанақ-Орал газ құбыры. 10 наурыз 2009 жыл

Қазақстан үкіметі ұлыбританиялық компанияға «қоршаған ортаға зиян тигізуге» қатысты айыппұл мен «төленбеген салықтарды» төлету арқылы қысым жасап отыр. Қазақстанның мұнай және газ министрі Қарашығанақ кенішін игерудің үшінші кезеңі 23 миллиард АҚШ доллары деген бағаммен де келіспейді. Үкіметтің вебсайтында жобаның бағасы 15 миллиард доллар деп көрсетілген.

Басылымның жазуынша «Бритиш газға» қатысты қатаң шаралар компанияның осы саладағы бәсекелес әріптесі ресейлік «Лукойлдың» осы мәселеге қатысты ескертуінен кейін қолданыла бастаған. «Лукойлдың» өкілі өткен тамыз айында-ақ бітуі тиіс болған келіссөз бірнеше жылға созылып кетті деген тұрғыда пікір айтқан.

Ал «Бритиш газдың» өкілі Қазақстан үкіметімен арада жүріп жатқан келіссөздің жеміс беретініне үміт артып сөйлепті.

КОСМОПОЛИТ ҚАЗАҚСТАН

EurasiaView («Евразия Вью») онлайн басылымы мамырдың 19-ы Қазақстанда этникааралық татулық қаншалықты берік деген сұрақ қояды.

130 этникалық топ тату-тәтті тұрып жатыр деген саяси риторикаға бейім космополит Қазақстанда жасалған жаңа бір сауалнама этникааралық ахуалдың соншалықты жақсы емес екенін көрсетті деп жазады EurasiaView.

Ары қарай басылым мамырдың 10-14 аралығында Алматыдағы саяси шешімдер институтының ғылыми орталығы жүргізген жалпыхалықтық сауалнама нәтижесін мысал қып келтіреді. Ол бойынша этникалық топтардың қарым-қатынасы былайша көрінген – респонденттердің 56 пайызы өздері тұрып жатқан аймақтағы қарым-қатынасты «достық сипатта» деп санайды, 11 пайызы «жасырын жаулық бар» деп есептейді, 2 пайызға жетер-жетпесі қарым-қатынас «ширығып тұр», әрі «теке-тірес те боп қалады» деп көрсеткен. Ал 0,7 пайыз «ашық жаулықты» байқаймыз депті. Сұралғандардың 20 пайызы «ешқанадай қарым-қатынас жоқ, мүддеміз қиыспайды» деп көрсеткен. Ал 10 пайызы жауап беруге қиналған.

Сауалнамаға жауап берушілердің үштен бір бөлігі (37 пайызы) «этникалық мүддесіне қатысты болса қақтығысқа қатысатынын» атап көрсеткен, 40 пайызы шешімді сол кездегі жағдайға байланысты қабылдаймын десе, 11 пайызы «еш ойланбастан қатысатынын» айтқан. Ал 13 пайызы бірден жауап бере алмапты.
Сауалнамаға жауап берушілердің 37 пайызы «этникалық мүддесіне қатысты болса қақтығысқа қатысатын» болып шыққан, 40 пайызы шешімді сол кездегі жағдайға байланысты қабылдаймын десе, 11 пайызы «еш ойланбастан қатысатынын» айтқан.

Сауалнамаға сәйкес шиеленісті жағдай әсіресе Орталық және Батыс Қазақстанда қатты ушығып тұр. EurasiaView-дің жазуынша, баспасөз мәслихаты кезінде Саяси шешімдер институтының өкілі Мадина Нұрғалиева былай деген: «Шетелдік жұмысшылардың өте көп келуі мұнайлы батыс өлкесіндегі этникалық топтардың көңіл-күйіне кері әсер етуі мүмкін. (көбінесе жергілікті жұмысшылар олардың жоғары жалақы алатынына ырза емес). Ал Орталық Қазакстандағы шиленістің шығу тегін тағы да тереңірек зерттей түсу қажет».

Сауалнамада сұралған 2301 адамның 8 пайызы «Қазақстан қазақ халқынан тұру керек, және қазақтар ғана Қазақстанның бүгіні мен болашағын анықтауға құқылы» деген идеяны жақтайтыны белгілі болды. Ал 28 пайызы болса «Қазақстан көпұлтты мемлекет, бірақ сонда да қазақтар негізгі ұлт болғандықтан елдің негізін құраушы ұлт болып қалу керек» деді. Басқаша сөзбен айтқанда қазақтар айналасына басқа ұлттар шоғырланатын өзекті ұлт болуы керек депті. Бұл тұжырым былтыр Ұлт бірлігі доктринасының сөз жарысында ұлтшыл-патриоттарға біраз дем берген. Сауалнама қатысушылардың 58 пайызы Қазақстандағы барлық ұлттар мемлекет құраушы ұлт болуы тиіс деген көзқарас ұстанады екен.

Совет үкіметі құлағалы Орталық Азияда болған ең қатігез ұлтаралық қақтығыс – Қырғызстандағы оқиғалардың бір жылдығы қарсаңында Қазақстан үкіметі үшін бұл ойланарлық жайт деп аяқтайды мақаласын EurasiaView.