Бұрындары ұрлықты жасырын істеуші еді. Қазір ашықтан-ашық ұрлайтын заманға жетіппіз. Бүгін жұмысқа келе жатып сондай жайтқа куә болдым.
Автобус тоқтап, бірнеше адам ішке ене беріп едік, ойда-жоқта автобус ішінен бір жігіт атып шығып, көз ілеспес жылдамдықпен жанымдағы қыздың сөмкесіне қолын жүгіртіп, әмиянын алып қаша жөнелді. Ешкім де не болғанын байқамай қалған сияқты. Тек әмиянынан айрылған қыз ғана шыр-пыр болып, автобусты тоқтатуды сұрап жатыр. Бірақ Төле бидің бойымен бір-бірімен жарыса жүретін автобустар қайдан тоқтасын. Ал әлгі жігіт болса, әп-сәтте көпке сіңіп жоғалды.
Осыны көріп, есіме өзімнің басымнан жағдайлар түсіп жатыр. Осы көктемде ылғи №56-шы автобуспен жүретінмін. Осы автобустың кондукторы құдайға қараған біреу болса керек, ылғи автобуста «карманщиктердің» болуы мүмкін екенін ескертіп отыратын. Ал біз болсақ, сөмкемізді алдымызға жымқыра ұстап, айналамызға күдікпен қараушы ек. Кондуктордың ескертуіне қарамастан мен де осындай алаяқтарға жем болдым.
Райымбек пен Сейфуллин көшесі қиылысында аялдамада ылғи тәлтіректеп мас адамдар жүретін. Бір күні автобусқа кіре беріп едім, артымнан ілесе тәлтіректеген болып, сол мастардың біреуі кіріп, кондуктордан «ана жерге бара ма?» деп сұрағансып тұрды. «Қажетті жауапты» естіген әлгі мас адамның бір кезде сөмкеме қол жүгіртіп жатқанын сезіп қалдым. Артыма қарап үлгергем жоқ, маскүнем автобустан түсіп қалды. Қайта оның қолына тек ұсақ-түйек ақшалар ғана ілінген екен. «Садақа болсын» деуден басқа ештеңе аузыма түскен жоқ.
Дәл осы автобустан өткен жылы ұялы телефонымды да жоғалтқан болатынмын. Айта берсең, мысал көп. Естуімше, қазір әрбір автобустың «меншікті карманщиктері» болады. Олар кей кезде автобус «иелерімен» бірлесіп, кейде «тәуелсіз» жеке жұмыс істей береді екен. Олардікі де «еңбек» екенін мойындаймын. Шекесі қызғаннан істеп жүрмегенін де білем. Бірақ біреудің реніші, біреудің көз жасына келген ақшамен сатып алынған нан тамағынан қалай өтеді деп таңқалам. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген Абай да мұны меңземеген болар.