Қазақстанда өткен парламент сайлауын ЕҚЫҰ «демократия талаптарына сай емес» деп сипаттады. Бірақ қазақстандық компаниялардың ақшасына жалданып келген шетелдік ұйым өкілдері, керісінше, «сайлау жас мемлекет үшін жоғары деңгейде өтті» дейді.
«ӘДІЛЕТСІЗ ЕҚЫҰ»
Қаңтар айының 19-ы күні Eurasian.net веб-порталында Қазақстанның парламент сайлауына қатысты шетелдік сарапшы Джошуа Кучераның мақаласы жарық көрді. Автордың айтуынша, ЕҚЫҰ мамандары парламент сайлауына теріс баға берген. Алайда Қазақстан үкіметінің басшылары мен Вашингтондағы кейбір саясаткерлер, сайлау барысындағы кемшіліктерді барынша азайтып көрсету үшін, елдің назарын Қазақстанның тұрақтылығы мен ақырындап «дамып келе жатқан» демократиясына қарай бұрып жіберуге тырысып жатыр деп санайды шетелдік сарапшы.
Қаңтардың 18-інде Вашингтонда өткен конференцияда Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов: «ЕҚЫҰ-ның бақылаушылары біздегі парламент сайлауына не әділ баға бермеді, не бақылау кезінде тепе-теңдікті сақтай алмады» деп сынады. Елшінің ойынша, бұл сайлауға басқа әлемдік бірнеше бақылаушы ұйымдар «жақсы өтті» деп баға берген екен дейді автор.
«ПРЕЗИДЕНТТІ ДҰРЫС ТҮСІНІҢІЗДЕР!»
АҚШ үкіметі де ЕҚЫҰ берген бағаны құптап: «Қазақстан бұл сайлауда өзі мойындайтын халықаралық нормаларды сақтаған жоқ» деп мәлімдеді. Бұған Ерлан Ыдырысов: «АҚШ ЕҚЫҰ-ның бақылаушы қызметін қолдайтын болғандықтан олардың берген ақпаратынан алысқа кете алмайды» деп пікір білдірді дейді сарапшы.
Елшіге Назарбаевтың «Қазақстанды сынайтын шетелдік бақылаушыларды енді шақырмаймыз» деген пікіріне қатысты сұрақ қойылғанда, ол: «Президенттің сөзін дұрыс жеткізбеген» деп жауап берген. Ерлан Ыдырысов «ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы болашақ сайлаулар кезінде де бақылау жасауын құп көреміз» деген.
«WASHINGTON POST БІРЖАҚТЫ КЕТІПТІ»
Ерлан Ыдырысовтың пікірінше, сайлау кезінде болған келеңсіз жайттардың бәрі арандатудан туған екен дейді сарапшы. Шындығында олардың дәлелі жоқ. Елші сонымен қатар «Біздегі сайлауды ЕҚЫҰ-ның берген бағасымен ғана өлшеп жатыр» деп Washington Post басылымына наразылық білдірген. «Бұл басылым біздегі халықтың 75 пайыз сайлауға қатысқанын мысқылмен жазыпты. Бұл олардың тарапынан дұрыс іс емес» деп уәж айтады елші.
Шындығында шетелдік басылым ЕҚЫҰ-ға ғана емес, ресейлік ақпарат көздеріне де сілтеме жасаған дейді мақала авторы. Елші сайлауды сынағандардың бәріне бір уәжді қайталап айта берген: «Қазақстан - жас ел. Бізде демократия енді бүршік жарып келеді. Көптеген істер енді-енді қолға алынып жатыр. Біз елдің дамуы жолында айтарлықтай алға жылжыдық».
«ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫЛАР»
Дәл осыған ұқсас пікірлерді сайлаудан соң өткен брифингте Халықаралық салық пен инвестиция орталығы деп аталатын ұйым өкілдері де айтқан. Олар: «Қазақстан көппартиялы сайлау жүйесін енгізуде тамаша қадам жасады» деген еді. Автор бұл америкалық бизнес ұйымның демеушілерінің арасында Қазақстанның мемлекеттік компаниялары да бар екенін ескерте кетеді.
Ал Jamestown Foundation ұйымының бір мүшесі бұл сайлауды әбден мақтай келіп, «Сайлау жақсы ұйымдастырылған. Саяси реформа қалай болса солай, бейберекет басталмауы тиіс. Мысалы, Қырғызстандағы сияқты басталса, ақыры қатерге айналып кетуі мүмкін еді» деген пікір білдірген.
Бірақ осы ұйымның кейбір мүшелері жұмсартып болса да аздап сын айтты дейді автор. «Плюралистік саяси жүйеге қатысты реформалар бұдан да жылдамырақ жүргені жақсы, сайлау алдында кейбір партиялардың сайлаудан шеттетілгені - қателік» деген тұрғыда сын айтқандары да бар.
Сарапшы дәл осы ұйымның мүшелері Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат бергенде: «Бұл сайлау Германияның деңгейінде өтті дер едім» дегенін атап өтеді. Олардың бірде біреуі ЕҚЫҰ көрсеткен кемшіліктер туралы жақ ашпаған. Мақала авторы Jamestown Foundation ұйымының атынан барған бақылаушылардың көпшілігі бұрындары Қазақстан компаниялары қаржыландырған түрлі жобаларға қатысқан адамдар екенін ескерте кеткен.
Бірақ Jamestown Foundation ұйымының белсенді мүшесі Маргарита Ассенова «Бұл бақылауғы қатысып, баға бергенім үшін Қазақстан үкіметі маған ешқандай да ақы төлемейді» деп мәлімдеді дейді шетелдік сарапшы.