5 маусым Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевке қатысты сот үкімі шығуы тиіс болатын. Алайда мемлекеттік айыптаушы істі қайта тергеуге жіберуді сұрады.
«Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің хабарлауынша, прокурор «кейбір алқа би мүшелерінің әрекеті күмәнді көрінгенін» айтып, соттан алқа билер құрамын ауыстыруды талап еткен. Мемлекеттік айыптаушы айғақ ретінде сурет пен видео көрсете алатынын да жеткізіпті.
Агенттіктің хабарлауынша, бұдан кейін судья Руслан Тасмамбетов үзіліс жариялап, кеңесу бөлмесіне кетіп қалған.
Сотқа қатысқан алматылық журналистің айтуынша, судья сот отырысын сәрсенбі күнгі таңғы сағат 10-ға қалдырыпты.
«Сол кезде прокурорлардың өтінішіне байланысты шешім белгілі болады» деді журналист кешке қарай Азаттық тілшісіне.
Орақ Сарбөпеевке қатысты сот процесі маусымның 4-і күні аяқталған еді. Соңғы сөз берілген кезде Сарбөпеев өзінің кінәсіз екенін, пара алмағанын айтқан.
Бұл іс бойынша өткен аптада болған жарыссөзде мемлекеттік айыптаушылар Сарбөпеевтің тендерді ұтқызып бергені үшін дүкен алғанын, оның бұл «қылмысы» сотта дәлелденгенін айтып, оны 13 жылға соттауды сұраған болатын.
Ал қорғау тарабы сотта оның кінәсі дәлелденбегенін, айыптау тек болжам мен куәлардың жалаң сөзіне негізделгенін айтты. Дәл осы жарыссөзде экс-әкімге тағылған үшінші айып (24-бап - «Қылмысқа дайындалды және қылмыс жасауға оқталды») дәлелденбегендіктен алынып тасталғаны белгілі болды.
Орақ Сарбөпеев қазір тек екі: «пара алды» (қылмыстық кодекстің 311-бабы) және «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» (307-бап) деген баптар бойынша айыпталып отыр.
Биылғы ақпан айында қаржы полициясы «Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімдері Жалғас Бабаханов пен Орақ Сарбөпеевке 188 миллион теңге бюджет қаражатын ұрлады» деп айып тағылғанын хабарлаған.
Сот отырыстары Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті.