ЕО сыртқы саясат жетекшісі Астанаға келе жатыр

Еуропа Одағының сыртқы саясат мәселелері бойынша өкілі Кэтрин Эштон. Сербия, Белград, 30 қазан 2012 жыл.

Батыстағы белсенділер 26-30 қараша арасында Орталық Азияда болатын Кэтрин Эштон қамаудағыларды босатуға шақыруы тиіс деп санайды.
Human Rights Watch ("Хьюман Райтс Вотч") халықаралық құқық қорғау ұйымы қарашаның 25-і күні «Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат мәселелері бойынша өкілі, Еурокомиссияның вице-президенті Кэтрин Эштон Орталық Азия (ОА) елдері басшыларымен кездескенде, сотталып кеткен белсенділерді қамаудан босату туралы мәселені көтеруге міндетті. ОА елдері ЕО-мен жақын байланыс орнатқысы келсе, құқық қорғаушы белсенділерді қудалауды тоқтатуы тиіс» деп мәлімдеді.

«ЕО УӘДЕСІНЕ БЕРІК ПЕ?»

HRW дерегі бойынша, қарашаның 26-30 аралығында Эштон ЕО-ның атынан сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселесі бойынша Қырғызстанға, Қазақстанға, Тәжікстанға және Өзбекстанға бірінші рет келе жатыр. Ол осы сапарында Түркіменстан басшыларымен де кездеседі деген ақпарат бар. HRW ұйымының ЕО-дағы өкілі Лотте Лейхт «Эштонның Орталық Азияға осы сапарында ЕО-ның адам құқығы проблемаларын көтеруге берген уәдесі тексерілмек» дейді.

HRW ұйымының атқарушы директоры Кеннет Рот баспасөз мәслихатында тұр. Брюссель, 24 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


HRW басшыларының ойынша, «ЕО-ның Орталық Азия елдерімен арадағы сауда-саттық, энергетика және әскери мәселелерінің тасасында адам құқығына қатысты проблемалар қалып қоймауы тиіс».

2012 жылы маусым айында ЕО адам құқығы мен демократия мәселелеріне қатысты жаңа стратегиялық жобалар қабылдаған. Бұл жобалардың негізінде адам құқығы, демократия, ЕО-ның шетелмен қарым-қатынасы ережелері анықталды. ЕО бостандық пен демократияны қорғауға және бүкіл әлемдегі адам құқығын қорғаушы тұлғаларға қолдау көрсетуге уәде берген.

«ЭШТОНҒА ЖАЗЫЛҒАН ХАТ»

«Эштонның Орталық Азияға сапары осы аймақтағы бес елде адам құқықтары тапталып жатқан кезеңге тура келді» дейді HRW өкілдері.

Ұйымның зерттеуінше, «Орталық Азия елдерінде көптеген құқық қорғаушылар, азаматтық қоғам белсенділері және оппозиция мүшелері бейбіт жолмен белсенді еңбек етіп жатса да сотталып, қамалған. Үкімет барлық ұйымдарға тұрақты түрде қысым мен кедергі жасап отыр».

HRW ұйымы Эштонға «осы сапарында Орталық Азиядағы адам құқықтары туралы проблемаларға мән беруін және соған орай мәселе көтеруін» өтініп хат та жазған.

Ол хатта ұйым мамандары осы аймақтағы бес елдегі адам құқығына қатысты жағдайды жеке-жеке, қысқаша баяндап шыққан.

«АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА ЕО-НЫҢ ЖАНЫ АШИ МА?»

HRW хатында «Қазақстанда адам құқығына қатысты жағдай соңғы екі жылда қатты нашарлады. Әсіресе, діни бостандыққа, ұйым құруға қатысты құқықтар шектелді. Соттар әділ үкім шығармайды. Түрмедегі тұтқындар азапталады және оларға дұрыс қарамайды» деп жазылған.

ЕО сыртқы саясат өкілі Кэтрин Эштон Европа парламентінде сөйлеп тұр. Франция, Страсбург, 11 қыркүйек 2012 жыл.


Ұйым Қырғызстандағы адам құқықтарына қатысты жағдайға тоқталып, «Қырғызстанда 2010 жылдың жазында жүздеген адамды жаралап, опат қылған этникалық қақтығыс болды. Осы қақтығысқа орай қозғалған қылмыстық істер де әділ жолмен тексерілмеді. Сот көбіне этникалық өзбектерге әділетсіз үкім шығарған» дейді.

Тәжікстанға қатысты «Қоғам жемқорлықтан жапа шегіп отыр. Бұл елде адам азаптау фактісі көп тіркеледі. Жылдан жылға автократиялық режим күшейіп барады. Тәжікстан үкіметі таяуда адам азаптауға қарсы күресетін ұйымдарды қысыммен жапты» деген.

HRW мәліметі бойынша, Түркіменстан мен Өзбекстан - «әлемдегі ең жабық әрі ең репрессивті елдер». HRW одан ары «Бұл екі ел тәуелсіз азаматтық ұйымдар мен үкіметті сынайтын белсенділерге қоқан-лоқы көрсетіп, оларға әртүрлі қысымдар көрсетіп келеді. Олардың кейбірін саяси сылтаумен соттап жатыр» дейді.

HRW ұйымының ЕО-дағы өкілі Лотте Лейхт «Эштон ЕО мойнына алған міндетті орындау үшін бұл елдердегі құқық қорғаушылармен кездесуі керек. Олардың проблемаларына құлақ асып, ЕО-ның азаматтық қоғамға жаны ашитынын дәлелдеуі тиіс. Ол сонымен қатар ОА басшыларымен болған барлық кездесуде не айтқандарын жария түрде баяндауға міндетті» дейді.

Оның ойынша ОА елдерінің ЕО-мен тереңген байланысы енді нақты адам құқықтарына қатысты реформаларға тәуелді.