Қай аймақтың гастарбайтерлері табысына риза?

Мәскеудегі гастарбайтерлер ораза кезінде ауыз ашып отыр. Мәскеу, 1 сәуір 2011 жыл

Желтоқсанның 27-сі күні Gallup жариялаған зерттеу ТМД елдеріндегі еңбек мигранттарының ахуалын сипаттайды.
Анита Пульезе мен Нэлли Есипованың мақаласы: «Еліне оралған он мигранттың төртеуі экономикалық жағдайының түзелмегенін айтады» деп басталады. Авторлар «Гэллап» қоғамдық пікірді зерттеу институтының деректеріне сүйенеді. Институт өкілі бұрынғы ТМД елдерінің 19 000 тұрғынынан сауалнама алған. Олардың бәрі шет елге уақытша қызмет етіп, күнкөрісін жақсарту үшін аттанған ересек адамдар.

«Шет елге барып қызмет еткеннен отбасылық экономикаңыз жақсарды ма, әлде сол қалпында қалды ма?» деген сауалға 61% респондент жақсарғанын, 33 % өзгеріссіз қалғанын, ал қалған 4 пайызы жағдайының нашарлап кеткенін айтыпты. Сауалнама соңғы 10 жылда шет мемлекетке уақытша жұмыс іздеп барған бұрынғы Совет Одағы елдерінің тұрғындарының арасында жүргізілген.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МИГРАНТТАРЫНЫҢ ЖОЛЫ БОЛҒЫШ»

Авторлардың пайымдауынша, «2010-2012 жылғы сауалнама нәтижесіне қарағанда ТМД-ның 9 мемлекетінің еліне қайтқан мигранттары уақытша қызметтен кәсіби деңгейлері айтарлықтай артпағанын айтады. Жартысынан азы (48%) кәсіби деңгейінің жақсарғанын айтса, 31% басқа елдегі жұмыс тәжірибесінің арқасында еліне оралғанда жалақысы жоғары қызметке ие болыпты. Мигранттардың үштен бірі шет елде мамандығына сай жұмыс тауыпты».

Тәжік гастарбайтер шетке жұмысқа шығар алдында отбасымен бірге дұға қылып отыр.


«Орталық Азияға оралған мигранттардың басым көпшілігі басқа елде қызмет етіп, қаржылық тұрғыда пайда көріп, кәсіби шеберлігін ұштамақ болған» дейді олар. Осы елдерден шетке аттанғандардың жартысынан көбі кәсіби біліктілігінің артқанын айтыпты. Ал шетте ақша табуға тырысқан Молдаваның 38%, Кавказдың 37% азаматы ғана кәсіби деңгейіне риза. Еліне оралған соң жалақысы жақсы қызметке қол жеткізген Орталық Азиядан шыққан еңбек мигранттары молдаван және кавказдықтармен салыстырғанда екі еседен астам көп.

ГЕНДЕРЛІК АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Зерттеу бойынша «Шет елде еңбек еткен әйел адамдар барлық жағынан алғанда ерлерге қарағанда аз пайда көрген. Әйел мигранттар елге оралған соң өз мамандығына сай жұмыс табудан да, кәсіби шеберлігін арттырудан да қиналған. Гендерлік айырмашылық кәсіби біліктілікті жетілдірудегі басты кедергі саналады. Мысалы ерлердің 51% кәсіби біліктілігін арттырса, әйелдердің 34% ғана солай санайды. Елге оралған ер азаматтардың 33% жақсы қызметке орналасса, бұл көрсеткіш әйел адамдарда 24% ғана».

«Мигранттардың шетте еңбектеніп тапқан ақшасын жұмсау жолына көз жүгіртсек, олардың жағдайымыз жақсармады деген наразылығын түсінуге болады» деп жазады авторлар. «Басым көбі (63%) тапқан қаражатын негізгі қажеттілікке жұмсаған екен. Азғантай бөлігі қаржысын болашақ жоспарына сақтаған: 2% өзінің немесе отбасы мүшесінің білім алуына, 3% жеке кәсібін ашуға жұмсаса, 3% оны сақтап қойған».

Қызы Италияға ақша табуға кеткен молдован әйел екі немересін бағып отыр. Көрнекі сурет


Авторлар мақаланы былай қорытады: «Бұрынғы Совет Одағы елдерінің басым көбі басқа мемлекетте жұмыс істейтін азаматтарына тәуелді. Елге оралған мигранттардың пайдасын арттыру үшін үкімет тіл мен кәсіби біліктілік тұрғысынан көмектеседі. Соның арқасында еңбек мигранттары қосымша тәжірибе мен білім алып, басқа елге барғанда жақсы жұмысқа орналаса алады. Ал шет елден үйренген тәжірибесін еліне келіп, бөліседі».

Зерттеу жұмысы Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдава, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдеріндегі 15 жастан жоғары 19 мың адамның жауабына сүйенген. Соның ішінде 1 330 респондент уақытша қызмет еткен мигрант ретінде есепке алынды.