Үлкен Шабақты көлінің жағалауында тынығушылардың бір тобы. Бұл маңда демалушылардың көпшілігі Ресейдің Омбы және Екатеринбург қалаларынан келеді.
Екатеринбург қаласынан келген турист Юлия Григорьева Үлкен Шабақты көлінің жағаcында күнге қыздырынып жатыр. "Бурабайға жыл сайын келеміз. Табиғаты қатты ұнайды. Ұнамайтыны - кір-қоқыстың көбейіп, көлдердің таязданып бара жатқаны" дейді ол.
Беларусьтің Могилев қаласынан келген турист қазақ батырдың костюмін жалға алып, суретке түсіп тұр.
Бурабайдағы Абылай хан алаңында ұлттық киімді жалға беруші жергілікті тұрғын Райхан Рашидова сияқты шағын кәсіпкерлер Бурабайдағы сауданың сенбі күні қызатынын айтады. Өзі тігетін костюмдерінің әрқайсысын 500 теңгеге жалға береді.
Бурабайға баратын тас жолдың бойы. Жергілікті жұрттың айтуынша, азық-түлігін ала келіп тынығатындар тәулігіне 3-4 мың теңгелік пәтер таба алады. Үш мезгіл ас-су дайындап беретін пәтер иелері 6 мың теңге алады. Шипажайлар мен коттедждердің бағасы бұдан бірнеше есе қымбат.
Кәдесый сатушы Денис Двойнев "ала жаздай демалыс көрмейтінін, тамыздың 15-інен соң ғана тыным табатынын" айтты.
Бүркітін жалға беретін Қанат есімді фотограф жігіт бүркітінің атын айтпады. "Кеша дей салыңыз. Өйткені бүркіттің шын атын тек иесі білуі тиіс" дейді ол. Бүркітті ұстап түскен бір фото 500 теңге тұрады. Егер өз фотоаппаратыңызбен түссеңіз - 300 теңге.