Апта оқиғалары: 18 - 24 қараша

18 қарашада Алматы "барахолкасының" өртенген бөлігінің саудагерлері наразылық акциясына шықты. Олар қала әкімімен кездесуді талап етіп, жолды жауып тастамаққа әрекеттенді.

17 қарашада "барахолкада" шыққан өрт соңғы екі айдағы "барахолкадағы" екінші ірі өрт болып отыр. 

18 қарашада инженерлер Фукусима атом электр станциясынан (АЭС) уран және плутонийді жою жұмыстарын бастады. Бір жылдан астам уақыт ішінде Фукусиманың ядролық отын қоймасынан барлығы 1500-ге тарта уран және плутоний өзекшелері жойылуы тиіс. Бұл өзекшелер қоймада 2011 жылдан бері сақталып келген.

Фукусиманы толық істен шығару жұмыстары ондаған жылдарға созылуы мүмкін.

19 қарашада Алматыдағы "Прайм Плаза" ойын-сауық кешенінде әнші Қайрат Нұртас қатысқан концертте болған тәртіпсіздіктер бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жіберілді. 

31 тамызда әнші Қайрат Нұртас қатысқан концерттің соңы жаппай тәртіпсіздікке, жастардың полициямен қақтығысына ұласқан еді. 

Осы аптада Америкада 50 жыл бұрын қаза тапқан президент Джон Кеннедиді еске алу рәсімі өтті.

20 қарашада президент Барак Обама Арлингтон мазарында Кеннедидің мазарына гүл шоғын қойып, 16 америкалықты елдің жоғары азаматтық наградасы Бостандық президенттік медалімен марапаттады. Олардың арасында экс-президент Билл Клинтон (суретте), тележүргізуші Опра Уинфри және қайтыс болған Американың тұңғыш әйел-астронавты Сэлли Райд бар.

Бостандық медалін Джон Кеннеди бекіткен.

21 қарашада Украина парламенті түрмеде сырқатқа ұшыраған экс-премьер Юлия Тимошенконың шетелде емделуіне рұқсат ететін заң жобасын қабылдамай тастады. Құжаттың қабылданбай қалуы Украинаның Еуропа Одағымен еркін сауда айналымы туралы келісім жасасу мүмкіндігін азайтады.

ЕО Киевке келесі аптада Вильнюсте өтетін саммитте еркін сауда туралы келісім жасасу үшін құқықтық және демократиялық реформалар жүргізу туралы шарт қойған еді. 


21 қарашада Рига қаласында супермаркеттің шатыры құлап, ондаған адам қаза тапты. Елде үшкүндік аза тұту рәсімі жарияланды. 

22 қарашада сот орындаушылары үйінен шығарған Бибіжан Сембаева заңды өкілі Ермек Нарымбаевпен бірге Алматы қалалық прокуратурасына келіп, өтініш тапсырды. Сот орындаушылары «Темірбанктен» алған несиесін өтей алмаған Алматы тұрғыны, 56 жастағы Бибіжан Сембаеваны қарашаның 21-і күні отбасымен бірге (оның 72 жастағы әпкесі Галина Сембаева және 17 жастағы қызы Нейля Сембаевамен бірге) бір бөлмелі пәтерінен шығарып, есікке мөр басып кеткен. 

22 қарашада Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың Twitter-дегі парақшасы жабылып қалды. Оның парақшасындағы соңғы жазба 21 қарашада шықты.

Соңғы кезде Гүлнара Каримова Twitter аккаунтын бақылауындағы бірнеше радио және телеарналар қызметінің тоқтатылғанын, өзінің Terra Group медиахолдингіне қатысты тексеру жүргізіліп, арнайы қызметтің бұрынғы бірқатар қызметкерінің тұтқындалғанын хабарлау үшін пайдаланған.

Гүлнара Каримова әкесі Ислам Каримовтың ықтимал мұрагері саналатын.

23 қарашада Алматыда Халық өкілдерінің құрылтайының алғашқы жиыны өтті. Жиында Ұлттық кеңес құрылып, тұжырымдамасы бекітілді. Ұлттық кеңестің жетекшісі болып ақын Мұхтар Шаханов сайланды. Ол ұйымның бірлестік немесе қозғалыс ретінде тіркелмей әрекет ететінін айтты.

24 қарашада Женевада Иран мен «алтылық топ» арасындағы Иранның ядролық ядролық бағдарламасы бойынша келіссөзде келісімге қол жетті. Келіссөз бірнеше күнге созылды.

Келіссөзде Иран жағы бес пайыздан көп уран байытуды уақытша тоқтатып, оған қарсы санкция "босаңситын" болып келісілді.