15 қыркүйекте Парижде өткен Ирак туралы конференцияға қатысқан отызға жуық ел мен ұйым өкілдері Бағдатқа "қажетті әскери көмек" беретіндерін мәлімдеді. Бұл туралы бірлескен мәлімдемеге бірқатар Батыс және араб елдері қол қойды. Бірақ нақты қандай әскери көмек жасалатыны айқындалған жоқ.
Францияның сыртқы істер министрі Лоран Фабиустің сөзінше, ИШИМ-нің қаржы арналарын жабуға қатысты жеке конференцияны "жуырда" Бахрейн ұйымдастырмақшы. Фабиус әлем қауымдастығын ИШИМ-ге жаңа содырлардың келіп қосылуын бөгеуге шақырды.
Париждегі жиында Ирак премьер-министрі Фуад Масум ИШИМ-ге әуеден шұғыл соққы жасалмаса, елдің тағы біраз территориясын басып алатынын айтты. Ол содырларды "адамшылыққа қарсы қылмыс жасаушы қарақшылар" деп атады.
Францияның президенті Франсуа Олланд ИШИМ жер-жаһанға қатер төндіріп тұр деді.
Конференцияға қатысқан АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри жол-жөнекей өзі сапар шеккен араб елдерін ынтымақтасуға шақырған еді. АҚШ тамыздан бері Ирак әскеріне жәрдем жасап, ИШИМ содырларын әуеден атқылап келеді.
Биылғы маусымнан бері Ирактың батысы мен солтүстігін басып алған ИШИМ екі АҚШ және бір ұлыбританиялық журналистің басын кескен видео жариялаған еді.