Қарашаның 7-сі күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты сотталған Ержан Өтембаевты (сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі) түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шешім шығарды.
«Сот Ержан Әбілқайырұлы Өтембаев жазасын толық өтеуге мұқтаж емес деп біледі. Сот қылмыстық-процессуальдық кодекстің 453, 455-баптарын басшылыққа ала отырып оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішін орындауға қаулы етті. Өтембаев әлі өтелмеген 4 жыл 2 ай 29 күндік жазасын орындаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылсын» деді судья Ербол Рахымбеков.
Ержан Өтембаев 2006 жылы қаза болған оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сотталған. Сот оны саясаткер мен серіктерін өлтіруге «тапсырыс берген» деп 20 жылға түрме жазасына кескен. Өтембаевпен бірге бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов те «кісі өлтірді» деген айыппен сотқа тартылып, өмір бойы түрмеге қамалу жазасына кесілген.
Бірақ 2013 жылы 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеді.
Бас прокуратураның дерегінше, Рустам Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, "Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес - Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев" деп көрсеткен.
Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсан күні "Рустам Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге" сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұрады.
Жоғарғы сот былтыр 19 желтоқсан күні Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген. Биыл ақпанның 3-і күні Ержан Өтембаевқа қайта үкім шығып, оны "қылмысқа айдап салушы" ретінде 13 жылға соттаған. Астана маңындағы 166/10 қылмыстық жазалау мекемесінде қамауда отырған Ержан Өтембаев өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішті биыл қазанда жазған.