Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы, "пара алды" деп айыпталған Мұрат Оспановтың ісі бойынша сотта адвокат куәгерге қоқан-лоқы жасалып, қинауға ұшырағанын мәлімдеді деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өтіп жатқан процесте Оспановтың адвокаты Хамида Айтқалиеваның айтуынша, істе куәгер ретінде тартылған Оспановтың көмекшісі болған Берік Ергешев куәлік беретін кезде қинауға ұшыраған.
Қаржы полициясы Мұрат Оспановты «табиғи монополиялар субъектісіне болысқаны және оларды қорғағаны үшін 200 мың доллар пара алды» деген күдікпен шілденің 1-і күні тұтқындаған. Кейінірек тергеу «шенеунік параның тағы бір бөлігін - 100 мың АҚШ долларын бұрынырақта алып қойған» деген ақпарат таратты. Тергеушілердің айтуынша, жалпы сомасы 300 мың долларға жеткен пара Оспановтың көмекшісі Ергешев арқылы берілген.
Адвокаттың айтуынша, Ергешев сотта "пәтеріне тінту түн ішінде және санкциясыз жасалғанын, тінтуге келіскені туралы арызды қысыммен жазғанын, қаржы полициясы қызметкерлері өзіне қысым жасағанын" айтқан.
Адвокат "Ергешевтің қинауға ұшырағаны сотта белгілі болғанын, қылмыстық процессуалдық заңнамаларды бұза отырып алынған жауап тергеу жұмыстарына жарамайтындықтан" оның жауаптарын тергеу материалдарынан алып тастауды сұраған.
Мұрат Оспановтың соты қарашаның 11-інде басталған.
Ол агенттік төрағасы қызметін екі жыл атқарған.