Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сотталған Ержан Өтембаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот шешімін қарау желтоқсанның 10-ына қалдырылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Бүгін Астана қалалық қылмыстық істер сотының апелляциялық алқасы Ержан Өтембаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот шешіміне қарсы түскен шағымды қарауы тиіс болған. Бірақ сотта шағымданушы жақ өкілдері - Рысбек Сәрсенбай, Маржан Асфандиярова және Төлеген Жүкеев сот отырысына Ержан Өтембаевтың өзін қатыстыруды сұрап өтініш берді.
Судья Алма Есімова өтініш бойынша Өтембаев жатқан Астана маңындағы 166/10 қылмыстық жазалау мекемесіне хабарласты. Колонияның отряд басшысы Самат Кәкенов Өтембаевтың бірер күн бұрын "инфаркт алып, қалалық ауруханаға түскенін" айтып, бүгінгі сотқа қатыса алмайтынын баяндады. Бұдан соң судья шағымды қарауды желтоқсанның 10-ына қалдырған.
Қарашаның 7-сі күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты Ержан Өтембаевты (сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі) түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шешім шығарған еді. Өтембаев әлі өтелмеген 4 жыл 2 ай 29 күндік жазасын орындаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
2006 жылы ақпан айында Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.
Сол 2006 жылы сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп, оны 20 жылға соттаған. Бірақ 2013 жылы 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеді.
Жоғарғы сот былтыр 19 желтоқсан күні Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген. Биыл ақпанның 3-і күні Ержан Өтембаевқа қайта үкім шығып, оны "қылмысқа айдап салушы" ретінде 13 жылға соттаған. Ол өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішті биыл қазанда жазған еді.