Зелимхан Чатиашвили есімді бұл жігіт Грузияның Панкиси шатқалындағы Биркиани ауылынан шыққан, осы аймақта тығыз қоныстанған кистиндер қауымының өкілі (этникалық тұрғыдан - шешен) саналады.
Олардың саны қанша?
Сирияда Грузияның қанша азаматы соғысып жатқаны белгісіз, олардың санын мөлшерлеп айтатындай нақты айғақ та жоқ. Ресейдің мемлекеттік «Российская газета» басылымының жазуына қарағанда, Грузияның Панкиси аймағынан Сирияға 50-100 шамасында адам аттанған.
Батысеуропалықтармен салыстырғанда Сирияда жүрген грузиялықтардың саны анағұрлым аз болғанымен (мәселен, «Ислам мемлекеті» жағында Германияның 500-ге жуық азаматы соғысып жүр, олардың біразы сондағы шешен диаспорасының өкілдері), Панкиси шатқалындағы кистин қауымдастығының Сирияда, соның ішінде «Ислам мемлекеті» ұйымында қаншалық маңызды рөл ойнайтынын ақпарат құралдары жиі сөз етіп келеді.
Көп басылымдар бұл аймақты "радикалдану ошағы" деп атаса, жергілікті тұрғындар "ел ішінде ешқандай өзгеріс жоқ, мұның бәрі жай сөз" деп отыр.
Панкисиден шыққан командирлер
Eurasia.net сайтында шілде айында жарық көрген бір мақалада Панкиси шатқалының бір тұрғынының пікірі берілген. Оның айтуынша, Сириядағы азамат соғыс жаңа басталған шақта ол жаққа Панкиси аймағынан аттанушылардың қарасы көп болған. Қазіргі уақытта кететіндер кетіп болып, бәрі саябырсып қалған. «[Көп-көптен кетіп жатса] біз білер едік», - деді аты-жөнін айтпаған тұрғын.
Сириядағы ең белсенді деген терроршылардың біразы - Панкиси аймағынан барғандар.
Панкисидің жиһадшыларды тәрбиелеп шығаратын аймақ деп аталуының себебі - Сириядағы шешен батальоны командирлерінің біразы осы жердің тумалары.
Панкиси аймағының ең әйгілі террорисі Умар әл-Шишани (Тархан Батирашвили) қазір Сириядағы «Ислам мемлекеті» ұйымының әскери командирі. Батирашвили де Биркиани ауылынан шыққан.
Соғыс көргендер мен Еуропада тұрғандар
Салахуддин әл -Шишани (Фейзулла Маргошвили) – шешендердің әскері бөлімшесі «Жаиш әл-Мухаджирин уәл-Ансардың» көсемі саналады. Олар өздерін Кавказда орналасқан «Кавказ эмираты» қарулы тобының филиалымыз" деп атайды. Ал Сирияның Латакия қаласында қоныс тепкен шешендердің және бір қарулы тобы «Жунуд әл-Шамның» командирі - Муслим әл-Шишани (Мурад Маргошвили). Екеуі де Панкиси аймағынан шыққан. Фамилиялары бірдей болғанымен, бір-бірімен туыстығы жоқ.
Умар әл-Шишаниден айырмашылығы Салахуддин мен Муслим Сирияға кетерден бұрын Ресей-Шешен соғысына қатысқан. Сол соғысты көрген Панкисиден шыққан және бір терроршы Сейфулла әл-Шишани (Руслан Мачалиашвили) осы жылдың басында Сириядағы ұрыста қаза тапқан. Бұл адам біраз уақыт Түркияда өмір сүріп, Сирияда соғысып жүрген шешендерге жылу жинаумен айналысатын IMKANDER ұйымымен тығыз байланыста болды.
Панкисиден шыққан басқа содырлар, соның ішінде Умар әл-Шишанидің бұрынғы үзеңгілесі Әбу Абдулла әл-Шишани (шын аты Хамзат Ачишвили) Еуропадағы шешен диаспорасының ішінде біраз уақыт өмір сүріп, Сирияға қоныс аударған. 2013 жылғы шілдеде Сирияның Алеппо қаласындағы соғыста «Ислам мемлекеті» ұйымының жағында шешен тобын басқарған Ачишвили оққа ұшқан. Бұл соғысқа келердің алдында ол Австрияда ұзақ жыл тұрып, сонда радикалды исламды насихаттады деген деректер бар.
Йоанна Паражчуктың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.