Бүгін Алматыда азаматтық белсенді және кәсіпкер Мұхтар Тайжан Жаңаөзен оқиғасына үш жыл толуына орай ас берді. Оған зиялы қауым өкілдері, азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар мен журналистер қатысты.
Шараға қатысқан азаматтар Жаңаөзен оқиғасына биліктің жауапты екенін айтты. Ас беру барысында оқиғаның хроникасы, тергеу кезінде мұнайшылардың азапталуы сияқты жайттар баяндалған «Жаңаөзен» атты кітап және «Жадымдасың, Жаңаөзен» атты қазақ ақындарының өлеңдер жинағы таратылды.
2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында ереуілге шыққан мұнайшыларға полицейлер оқ атып, соның салдарынан ресми есеп бойынша 17 адам қаза тауып, шамамен жүз шақты адам жараланған.
Осы оқиғаға байланысты 37 мұнайшы «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталып, 2012 жылғы маусымда 13-і үш пен жеті жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге түрме жазасына кесілген. Қалған 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған болатын. Сотталғандардың барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған.