Алматының Алмалы аудандық соты граната жарылып, бір студент қаза тапқан сән және дизайн колледжінің бұрынғы алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ғабит Қарабалаевты екі жылға соттады. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Қарабалаев «байқаусыз өлімге себеп болу» және «қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе ұстап жүру» баптары бойынша айыпты деп танылған.
Сот бұған қоса колледждің алғашқы әскери дайындық пәнінің тағы екі оқытушысы Юрий Гавриленко мен Серік Баймолдиновты да "қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе ұстап жүру" бабы бойынша айыпты деп тауып, әрқайсысына 991 мың теңге айып салған. Екі оқытушы сот залынан босатылған.
Өткен жылғы қарашаның 17-сі күні таңертең Алматы қаласындағы сән және дизайн колледжінде жарылыс болып, бір адам қаза тауып, оннан астам адам жараланған болатын. Қаза тапқан оқушы - 16 жастағы Светлана Яковлеваның отбасына Алматы қалалық әкімдігі көмек ретінде бір миллион теңге бөлген.
Дерек бойынша, әскери граната алғашқы әскери дайындық сабағы кезінде жарылған. Жарылыстан зардап шеккен бес адамға операция жасалып, олардың жағдайын дәрігерлер тұрақты деп бағалаған.