Бүгін Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагин Целиноград ауданы Оразақ ауылындағы тасқыннан зардап шеккен 40 шақты отбасыға жаңа үй кілтін табыстады.
- Ақмола облысындағы тасқыннан зардап шеккен бес аудандағы 84 үйді қалпына келтірдік. Қазір 300 пәтер салу керек. Қазір Ақмол ауылында 90 пәтерлі көп қабатты үй салынып жатыр, - деді Кулагин Азаттық радиосы тілшісіне.
Биылғы жылдың сәуір айында Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынынан ондаған елді мекен зардап шеккен. Олардың көпшілігі - Қарағанды және Ақмола облысында.
Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылын сәуірдің 28-і күні су басып қалып, 200-дей үй бүлініп, жүздеген адам эвакуацияланған. Бұл ауылда 1 мың 845 адам тұрады. Тасқынға дейін 367 үй болған. Тасқын салдарынан 30-дан астам үй құлап қалған.