Бүгін Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-сотында "алауыздық тудырды" деп айыпталған қоғам белсендісі Болатбек Біләловке қатысты сот ісі басталды.
Істі жүргізіп жатқан судья Назгүл Бапақова журналистерге видеоға сот отырысының басы мен соңын ғана түсіруге рұқсат берді. Бұған қоса, «сот ісін жүргізуге кедергі келтіреді» деп, ашық сотқа келушелердің отырыс кезінде ұялы телефонға видео және аудио жазуына тыйым салды.
Айыпталушының адвокаттары Төлеген Шаиков пен Аманжол Мұхамедияровтың сотқа Болатбек Біләловті қамаудан кепілдікке босату туралы өтіні берді. Олар судьядан Біләловтің кәмелеттік жасқа жетпеген үш баласы барын және бір баласының мүгедектігіне байланысты жұбайы жұмыс істей алмай отырғанын ескеруін сұрады. Бірақ судья Бапақова бұл өтінішті қанағаттандырмады.
«Демократия және адам құқығы институты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, қоғам белсендісі Б.Біләлов 2015 жылдың қарашасында тұтқындалған болатын.
Болатбек Біләловті екі айға қамауға алу туралы қаулыны Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты 11 қарашада шығарған. Біләловке «араздық тудыру» айыбы тағылған. Тергеушілердің пікірінше, белсенді бұл әрекетті «бұқаралық ақпарат құралдарының алдында, көпшілікке жария түрде жасаған».
Болатбек Біләлов Астанадағы сүрілуі тиіс үйлер тұрғындарының мүддесін сотта қорғаушы ретінде танымал. Сонымен бірге ол – ресейлік зымырандарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының белсендісі.