"Алауыздық" бабымен сотталған азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың Facebook желісінде "өкіну" посты жарияланды. Адвокаты бұл мәлімдемені растады.
Ақпанның 11 күні кешке азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожинаның әлеуметтік желідегі парақшасында, үш жылға сотталған Ермек Нарымбаевтың «өкінген» посты жарияланды.
Төреғожинаның сөзінше, бұл мәлімдеме жазылған парақшаны ол Нарымбаевтың адвокаты Жанар Балғабаевадан алған.
Азаттыққа комментарий берген Ермек Нарымбаевтың адвокаты Жанар Балғабаеваның сөзінше, "бұл - расымен Нарымбаевтың жазғаны". Бүгін белсендімен кездесіп шыққан адвокаттың сөзінше, кеше Нарымбаевқа бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрап аппеляциялық инстанцияға шағым түсірген.
Бір параққа қолмен жазылған «өкінуде», Нарымбаев өзінің «конституцияның мүмкіндігін асыра бағалағанына өкінетінін», «сөз бостандығы мен көзқарасын еркін білдірудің жоқ екенін білмегені үшін айыпты екенін», «ойдан құрастырылған айыпқа себеп болғаны үшін өкінетінін» жазған.
Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин былтырғы қазанда авторы Мұрат Телібеков делінген даулы «Ветер с улицы» кітабының үзіндісін әлеуметтік желіде көшіріп басқаны үшін Алматыда қамауға алынған.
Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев сот процесі кезінде өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеп, істеріне өкінбейтіндерін айтқан. 22 қаңтар күні Алмалы аудандық соты Мәмтеалинге екі, Нарымбаевқа үш жыл түрме жазасын кескен. 29 қаңтарда Серікжан Мәмбеталиннің Facebook парақшасында оның көпшілікке арналған үндеуі шыққан. Белсенді «қателік жасағанын мойындайтынын», «бірақ қылмысты әдейі жасамағанын» айтып, ертеңінде апелляциялық шағымы қаралғанға дейін босатылған.