Фукусима: бес жылдан соң

Ресми мәліметтер бойынша, 2011 жылғы наурыздағы зілзала салдарынан Жапонияның солтүстік-шығыс жағалауында 16 мыңға жуық адам қаза болып, 2,5 мыңнан аса адам хабарсыз кеткен.

Табиғи апаттан соң Жапонияның жағалауда орналасқан көптеген қалаларында осындай көрініс көзге шалынды.

Қатты жер сілкінісі мен оның әсерінен пайда болған жойқын цунамидің биіктігі он метрге жететін сұрапыл толқындары Фукусима-1 атом электр станциясында сыртта орналасқан энергиямен жабдықтау құралдары мен резервтік генераторларды бүлдірді. Соның салдарынан апат жағдайында АЭС қондырғыларын салқындататын жүйе істен шығып, кейін үш реактордағы қызу шектен асып кетті.

Апат АЭС блоктарын бүлдірген соң іле-шала билік атом станциясынан 20 километр радиусте тұратын адамдарды эвакуациялауға кірісті. Әртүрлі есептеулер бойынша, жалпы саны 180 мыңнан 320 мыңға дейін жететін тұрғындарды басқа жерге көшірген.

Апат болған ошақтың айналасындағы 20 километр қашықтықтағы жер әлі күнге дейін адам тұруға жарамайтын аймақ саналады. Бірақ, туристер мен қарапайым тұрғындар ол жерге апат құрбандарын еске алуға барады. Ол жерге денені қорғайтын арнайы киіммен ғана баруға рұқсат етілген.

Апат болған аймақтан көшірілген тұрғындарды арнайы радиациялық орталықтарға жіберген, ол жерде адамдарды радиациядан қаншалықты зардап шеккенін анықтау үшін тексеруден өткізген.
 
Суретте: әлгіндей орталықтардың бірінде итіне әйнектің ар жағынан қарап тұрған қыз.

2012 жылы бұқаралық ақпарат құралдарына Фукусимадағы радиациялық апат салдарын жою жұмыстарын жүргізген Build-up компаниясы өз қызметкерлерін «орындамасаңдар жұмыстан кетесіңдер» деп қорқытып, дербес пайдаланатын дозиметрлердегі радиация деңгейін қорғасын табақшалардың көмегімен азайтып көрсетуге мәжбүрлегені мәлім болды.

Радиациялық апаттан соң ол аймақта адам сенгісіз мутанттар пайда болыпты-мыс деген қаңқу сөздер бұл жолы да тарады. Олар шындыққа сай болмаса да, екі басты балық немесе адамдыкі тәрізді аяқтары бар тиін туралы естіп, оларды өз көзімен көруге келген туристер іздегенін таба алмай, түңіліп қайтады. Ғалымдар Фукусима аймағында шынымен де тіршілік иелерінің дене тұрқы мен гендерінде мутациялар байқалғанын, бірақ ол өзгерістерді тек сарапшылар ғана көре алатынын айтады.

Фукусима қасыреті – зілзала мен цунами салдарынан болған бірегей техногендік апат емес. Сол жолы Жапония жағалауындағы бірнеше мұнай-газ зауыттарында, табиғи газ қоймаларында, сонымен бірге мұнай-химия кешенінде жарылыстар болған.

Суретте: Чиба қаласындағы мұнайөңдеу зауытында болған өрт.

Апат аймағынан көшірілген адамдар қайғылы оқиға кезінде айрылып қалған туыстарының сүйектерін іздеп, олармен дәстүр бойынша қоштасу үшін кейде бұрынғы тұрған жерлерге барады.

Суретте: 50 жастағы Норио Кимура апатта туыстарын жоғалтты. Ол ақпан айында бір кезде өзі тұрған аймаққа барды. Мына сынып бөлмесінде оқыған оның кенже қызы апат кезінде хабарсыз кеткен.