Ұлыбритания сайлау комиссиясы референдумда сайлаушылардың басым бөлігі елдің Еуропа одағынан шығуын қолдағанын мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 52 пайызы елдің Еуропа Одағынан (ЕО) шығуын қолдап, 48 пайызы қарсы дауыс берді. Екі ұстанымды қолдайтындар арасындағы алшақтық 1,27 миллион дауысты құрайды.
Ұлыбританияның ЕО-дан шығуын қолдайтын Біріккен корольдік тәуелсіздігі партиясының жетекшісі Найджел Фарадж "Біріккен корольдік үшін тәуелсіздік таңы атып келеді" деп мәлімдеді. Фарадж Ұлыбритания премьер-министрі, британдықтарды одақ құрамында қалуға дауыс беруіне көндірмек болған Дэвид Кэмеронның отставкаға кетуін талап етті.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филип Хэммонд референдум қорытындысы Шотландия Біріккен корольдіктен тәуелсіздік алуы тиіс пе деген мәселені ашық күйі қалдыратынын мәлімдеді. Шотландия мен Солтүстік Ирландия тұрғындарының көпшілігі ЕО құрамында қалуға дауыс берген.
Ұлыбританиядағы референдум Еуропа елдерінде де осындай дауыс беруді ұйымдастыруға түрткі болуы мүмкін деген алаңдаушылық тудыра бастады. Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Айро Еуропа "азаматтардың сеніміне реакция білдіріп, қайта кіруі тиіс" деп мәлімдеді.
Ақ үй АҚШ президенті Барак Обама дауыс беру нәтижесінен хабардар екенін және 24 маусым күні кешірек Дэвид Кэмеронмен телефонмен сөйлесетінін хабарлады.