Wikileaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассандж Қазақстан журналистер одағының үйқамақта отырған төрағасы Сейітқазы Матаев пен ҚазТАГ ақпарат агентігінің бас директоры Әсет Матаевқа қолдау білдірді. Бұл туралы Wikileaks сайтының Мәскеудегі серіктестері хабарлады.
"Джуллиан Ассандж Матаевтарға қолдау білдіреді және олардың үйқамақта отырғанынан хабардар. Лондондағы Эквадор елшілігінде тұрып жатқан Ассандж олардың қазіргі жағдайын түсінеді" деді оның Мәскеудегі серіктестері телефон арқылы.
Сондай-ақ бүгін "Әділ сөз" қоғамдық қоры Алматыда Сейітқазы және Әсет Матаевтардың сотынан хабар таратып отыратын, арнайы баспасөз орталығы құрылатынын мәлімдеді.
Швеция прокуратурасы 2010 жылы Ассандждың үстінен «жыныстық қылмысқа» қатысты іс қозғаған. 2012 жылдан бері Лондондағы Эквадор елшілігін паналап отырған Ассандж Швеция үкіметі өзін қолға түсірсе, АҚШ-қа экстрадициялайды деп қауіптенеді. АҚШ билігі Джулиан Ассандж НАТО-ның Ауғанстандағы және одақтастардың Ирактағы әскери операциялары туралы құпия құжаттарды жариялап, ауыр қылмыс жасаған деп санайды.
Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынған. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толықанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады.