Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Еуропа Одағы мен Ресейді ымыраға келуге шақырды. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Атамбаев бұл туралы бүгін Бішкекте Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесуінен соң журналистерге сұрақтарына жауап бергенде айтқан.
"Біз Германия ғана емес, жалпы Еуропа Одағымен әріптестік орнатуға мүдделіміз. Еуразия аймағында үлкен соғыс болғанын ешқашан қаламаймыз. Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі аралықта Ресей мен Еуропаның ортақ экономикалық аймағы құрылғанын қалаймыз" деген Атамбаев.
Ол Меркель кездесуде Қырғызстандағы экономикалық және басқа да негізгі бағыттар бойынша ахуалға қызығушылық танытқанын, өзі Меркельге ол туралы мәлімет бергенін айтқан. Атамбаевтың сөзінше, Қырғызстан өзі таңдап алған демократиялық жолда дамып жатыр.
Қырғызстан президенті кездесуде сонымен қатар діни радикализм, терроризм сияқты қарсы тұру мәселелері де талқыланғанын айтқан.
Еуропа Одағы мен Ресейдің қарым-қатынасы Мәскеудің Украинаға қатысты саясатына байланысты нашарлап кеткен.