Ресей президенті Владимир Путин Түркия президенті Режеп Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, Түркиядағы мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекетке қатысты «мемлекет өмірінде конституцияға қайшы әрекеттер мен зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайтыны» туралы мәлімдеген. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Путин шілденің 16-сына ауған түні болған қақтығыстарда қаза тапқандарға байланысты Ердоғанға көңіл айтқан. Сонымен бірге, ресейлік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туралы да сөз еткен. Оған жауабында Ердоған «бұған байланысты барлық қажетті шаралар қабылданатын болады» деп мәлімдеген деп хабарлайды Кремльдің баспасөз қызметі.
Сенбіге қараған түні Түркияда мемлекеттік төңкеріс арқылы билікті басып алу әрекеті жасалды. Ресми мәлімет бойынша, 150-ден астам қаза тапқан. Бүлікке қатысқан үш мыңға жуық әскери қызметкер ұсталған.