Түркия президенті Режеп Ердоған шілденің 21-інен бастап енгізілген төтенше жағдай аясында елдегі мыңнан астам жеке меншік мектепті жабуды талап еткен.
Мектептерден бөлек мыңнан астам қор, отыздай денсаулық сақтау мекемесі және 15 жоғары оқу орны да жұмыстарын тоқтатады. Жабылған мекемелердің барлығы қазір АҚШ-та тұрып жатқан оппозициялық діни қайраткер Фетхулла Гүленмен байланысы бар деген күдікке ілінгендер. Түркия президентінің жарлығына сәйкес, бүлікті қолдаушылармен байланыста болған деген күдікке ілінген мемлекеттік қызметкерлер бұдан кейін мемлекеттік ұйымда жұмыс істеу құқығынан біржолата айырылады.
Бұл елде әскери төңкеріс жасауға әрекет сәтсіздікке ұшыраған соң төтенше жағдай енгізілгелі бері Түркия президентінің алғашқы жарлығы. Бүлікке қатысы бар деген күдікпен он мыңнан астам адам ұсталған. Күдікке ілінгендерді мемлекеттік қызметтен жаппай босатып жатқаны туралы хабарлар тарады.
Түркия билігі 16 шілдеде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған деп Фетхулла Гүленді айыптайды. Гүлен Түркиядағы әскери төңкеріс жасау әрекетін айыптап, өзіне Анкараның таққан айыбын үзілді-кесілді жоққа шығарған.