Рио Олимпиадасының басталуына бес күн қалғанда жарысқа қатысуға жіберілді делінген ресейлік 250 атлет Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) ақтық шешімін әлі күтуі керек. ХОК арнайы комиссиясы әрбір жағдайды жеке қарап, Ресейге допинг дауына қатысты қойылған қатаң талаптар орындалғанын анықтауы тиіс.
Үш адамнан тұратын жаңа комиссия 30 шілдеде құрылған. 24 шілдеде ХОК Ресей спортшыларының барлығын бірдей Олимпиадаға қатысудан тыйым салмауға шешім қабылдаған. Комитет ресейлік спортшыларға қатысты шешімді әр спорт федерациясы өзі шешкені жөн деген. Жаңа ереже бойынша, Олимпиадаға тек допинг дауына ілінбеген және Ресейден басқа елдерде допинг сынамасынан өткендер ғана жіберіледі.
ХОК өкілі Марк Адамстың сөзінше, жаңа комиссия шешімін Оимпиаданың ашылу салтанаты қарсаңында шығарады. Ресейдің олимпиада құрамасындағы 387 спортшының 117-сі Рио Олимпиадасына қатысу құқығынан бұған дейін айырылған.