АҚШ президенттігіне Республикалық партиядан кандидат Дональд Трамптың сайлау штабының жетекшісі Пол Манафорт жұма күні қызметінен кетті. Оның алдында штабта жасалған ауыс-түйістер нәтижесінде Манафорт іс жүзінде сайлау науқанына жетекшілік етуден шеттетілген болатын деп хабарлайды Reuters.
Трамп өз мәлімдемесінде Пол Манафорттың өзі отставкаға кету туралы ұсыныс жасаған оған келісім бергеннін айтады.
«Біздің бүгінгідей жағдайға қол жеткізуімізге қосқан зор үлесі, мәселен, бастапқы сайлаулар мен съез кезіндегі атқарған үлкен жұмысы үшін мен оған аса ризамын. Пол нағыз кәсіпқой, мен оған сәттілік тілеймін» деген Трамп.
Соңғы күндері Пол Манафорттың есімі Украинада жарияланған құжаттарға байланысты жанжалда аталған еді. Ол құжаттарда кезінде Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович пен оның «Аймақтар партиясының» АҚШ-тағы мүддесін қорғау үшін экс-президентпен байланысы бар құрылымдардан ірі көлемде ақша алғанына дәлелдер бар делінетін тұлғалардың арасында Манафорттың аты-жөні де аталған.