Жаңаөзен қаласындағы "Бұрғылау" кәсіпорнының екі мыңға тарта жұмысшысы 30 қыркүйекте жалақы мен еңбек жағдайына наразылық білдіріп, жұмысты тоқтатқандарын хабарлады. Олар Жаңаөзендегі жұмысқа аттанатын автобекетте таңғы 7.30-дан бастап жиналғандарын айтады.
Мекеменің бұрғышы-машинисі Мырзағали Әбілхасовтың Азаттыққа хабарлауынша, бұған дейінгі тамыз айында болған ереуілден соң компания басшысы ауысқанымен, жұмысшылар қойған талаптардың ешқайсысы орындалмаған.
- Біз жалақымызды 2014 жылы қабылданған мұнай-газ мекемелерінің бірыңғай ақы төлеу жүйесіне енгізуді талап етіп отырмыз. Жұмыстағы әділетсіздіктер тоқтар емес, жөндеу цехтарында жасалған жұмыстардың сағаттары табельге енбейді, - деді ол.
Әбілхасовтың сөзінше, "Бұрғылау" жұмысшылары 2014-2016 жылдардағы артығымен орындалған жоспарларына бонус төлеуді, өздері сайлаған кәсіподаққа қысым жасауды доғарып, онымен жұмыс бастауды талап етіп тұр.
- Біз ертең де жұмысқа шықпаймыз. Мәселемізді шешу үшін "ҚазМұнайГаз" басқарма бастығы Сауат Мыңбаевтың келуін талап етіп отырмыз, - деді Мырзағали Әбілхасов.
"Бұрғылау" мекемесінен жұмысшылардың мәлімдемесіне қатысты комментарий алу мүмкін болмады. Азаттық тілшісі телефон шалған сайын тек автохабарлағыш жауап берді.
"Бұрғылау" мекемесінің жұмысшылары тамыз айында да бір апта бойы жұмысты тоқтатып, ереуілдеткен еді. Олар кәсіпорында жұмыстың жоспарға сай атқарылып жатқанына қарамастан басшылықтың жұмыс уақыты мен еңбекақы көлемін қысқартып отырғанына шағымданған болатын. Наразы жұмысшылар кәсіподақ жиынын өткізіп, өздерінің құқықтарын қорғайды деп сенген Сәдуақас Бекқалиевті төраға ретінде сайлаған еді.