Бүгін Ақтөбе қалалық мешітінің жанынан дін жолын ұстанатын әйелдерге арналған кеңес беру және оңалту орталығы ашылды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, мұндай орталық Қазақстанда алғаш рет ашылды.
Орталықтың ашылуына арнайы келген Қазақстан діни басқармасының наиб имамы Серікбай Ораздың айтуынша, төрт әйел ұстаз діни сауат ашуға көмектесіп, теріс ағымда жүрген әйелдермен жұмыс істейді. Орталықтың ашылу салтанатында қазақтың салт-дәстүрі көрсетіліп, дастархан жайылды.
- Дәстүр - теріс ағымдарға қарсы тұра алатын жалғыз иммунитет. Орталықтың басты мақсаты - салт-дәстүрді насихаттау. Басқа қалаларда ашу әзірге жоспарда жоқ. Бірақ осындай орталықтар Қазақстанның барлық өңірлеріне керек, - деді Серікбай Ораз.
Ақтөбеде бірнеше жыл бұрын ер адамдарға арналған "Аңсар" ақпараттық орталық ашылған.