Қаңтардың 16-сы күні Алматы қаласы Медеу аудандық сотында экс-министр Зейнолла Кәкімжанов пен оның ұлы Ильхалид Кәкімжановтың Ratel.kz интернет порталына қатысты шағымы бойынша басталған соттың алғашқы тыңдау өтті.
1999-2003 жылдары министр болған Зейнолла Кәкімжанов пен оның ұлы Ильхалид Кәкімжанов Ratel.kz порталын 2016 жылдың мамыр және желтоқсан айлары аралығында шыққан, өздеріне қатысы бар тоғыз мақалаға байланысты сотқа берген.
Әкелі-балалы Кәкімжановтар порталдың бас редакторы Марат Әсіпов пен журналист Сапа Мекебаевтан – 2 миллион теңге, журналист Геннадий Бендицкийден – 6 миллион теңге, «Автодорсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) бұрынғы басшысы (бұл мекемені қазір Ильхалид Кәкімжанов басқарады – ред.) Виталий Процентовтан – 6 миллион теңге, «ИТАЮ» ЖШС-інен 5 миллион теңге өндіріп беруді сұраған.
Бүгінгі сот тыңдауында Кәкімжановтардың өкілі Вячеслав Кондратенко соттан «істің жабық түрде өтуін және сот барысы туралы ақпарат тарамауын» сұрады. «Әкелі-балалы Кәкімжановтар ақпарат құралымен соттасып жатыр, сондықтан істің өзге БАҚ тарапынан талқыға түсуі сотқа қысым болуы мүмкін» дейді ол.
Ал Ratel.kz тарапы «шағымданушылардың бұл талабы БАҚ туралы заңға да, халықаралық құқық нормаларына да қайшы» екенін айтады. «Біз әрқашан қандай да бір адамның құқығы тапталып жатса, соны жазамыз. Олардың (Кәкімжановтардың – ред.) сотты жабық түрде өтсін деп талап етуі конституцияға сай келмейді» деді порталдың бас редакторы Марат Әсіпов.
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Тимур Жұмамұратов екі тараптың өтініштері мен талаптарын тыңдай келе, келесі сот отырысын 24 қаңтар күні сағат 11.00-ге белгіледі.