Алматыда бүгін "Мен алматылықпын" деп аталатын қоғамдық бірлестігінің еріктілері Қырғызстандағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге материалдық көмек жинап жатыр деп хабарлады Азаттық тілшісі.
Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде ұйымдастырылған акцияда тұрғындар азық-түлік, санитарлық заттар, киім-кешек әкеліп беріп жатыр. Бірлестік өкілі Арман Шегеновтің Азаттыққа айтуынша, жылу бүгін кешкі сағат 7-ге дейін жиналады. Бұдан соң арнайы топ жиналған материалдық көмекті Қырғызстан шекарасына дейін апарады. Шекарадан ары қарай қырғызстандық топ алып кетеді.
Қаңтардың 16-сы күні Қырғызстан астанасы Бішкекке жақын жердегі Манас халықаралық әуежайы маңында Гонконгтен Стамбулға ұшып бара жатқан түркиялық Боинг-747 жүк ұшағы саяжай үйлеріне құлап, соңғы мәлімет бойынша 37 адам қаза тапты. Құрбандардың 33-і - Қырғызстан азаматтары, төртеуі - ұшақ экипажының мүшелері. Апаттан бірнеше адам жараланды.