Today.kz сайтын белсенді Егеубаевтың терістеуін жариялауға міндеттеді

Айдын Егеубаев, азаматтық белсенді. Астана, 20 ақпан 2017 жыл.

Астананың Есіл аудандық соты бүгін Today.kz сайтын азаматтық белсенді Айдын Егеубаевтың бұрын өзі айтқандарын жоққа шығаратын мәлімдемесін жариялауға міндеттеді. Сот өткен жылдың қазан айында Егеубаевтан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың пайдасына оның абыройы мен намысын қорғау жөніндегі шағым бойынша 100 мың теңге (шамамен 300 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл өндіру туралы шешім шығарған болатын.

Астана сотының шешімі бойынша, белсенді Today.kz сайтында Бердібек Сапарбаев Шығыс-Қазақстан облысының әкімі болған тұста "қытайлық бизнесмендерге ауыл шаруашылық жерлерін алуға рұқсат бергендігі" жайында таратқан мәліметтерін жоққа шығаратын мәлімдеме жариялауға міндетті. Сот ол мәліметтерді "шындыққа жанаспайды" деп тапқан.

Шағым жасауға Егеубаевтың YouTube порталында жариялаған бейнежазбасы себеп болған. Сапарбаевтың пікірінше, жазбадағы мәліметтер оның намысы мен абыройына нұқсан келтіреді. Бейнежазбада Шығыс-Қазақстан облысының "Бәтуа" компаниясының да аты аталады.

Айдын Егеубаевтың сөзіне қарағанда, Today.kz сайты оның Word форматындағы екі беттік қағазға жазылған мәлімдемесіне көңілі толмаған. Себебі сайт Егеубаевқа өзі кешірім өтінген қысқа ғана ақпаратты жариялауды ұсынған. Белсенді осыған наразылық білдіріп, сотқа жүгінген.

Өткен аптада Айдын Егеубаев өзіне қатысты шыққан сот үкімін орындамағандықтан айыпталып, бес күндік әкімшілік қамауға алынған болатын. Ол Азаттыққа сол кезде айыппұл етіп белгіленген 100 мың теңгенің бір бөлігін төлей бастағанын, бірақ әлі толық төлеп үлгермегенін, және ақпаратты терістейтін материалдың мазмұны мен көлеміне қатысты редакциямен бір келісімге келе алмағандықтан, мәлімдемесін де жариялауға үлгермегенін айтқан.

Бұдан тыс, Айдын Егеубаев Азаттыққа өзі де, әйелі де ешқайда жұмыс істемейтіндіктен, айыппұл төлеу оған қаржылық қиындықтар туындатқанын мәлімдеді. Ерлі-зайыпты кәмелетке толмаған бес бала тәрбиелеп отыр. Қазір белсендінің достары мен пікірлестері айыппұл мен сот шығындарына қаржы жинап жатыр. Азаматтық белсенді және оның жақтастары соттың шешімінен кейін оған Астанада жанұясымен тұрып жатқан пәтердің иесі қысым көрсетіп жатқанын, таяу күндері көшеге қуып шығуы да мүмкін екенін айтады. Егеубаевтың сөзіне қарағанда, аталған іс салдарынан пәтер иесіне билік өкілдері қысым жасап жатқан көрінеді.