Қазақстан билігі салық төлеуге қатысты мәселелерді құқық қорғау ұйымдарына тиісу үшін теріс мақсатта пайдаланып отыр деп мәлімдеді бүгін Human Rights Watch ұйымы. Құқық қорғаумен айналысатын "Халықаралық құқықтық бастама" қоры мен "Либерти" ұйымын салық органдары тексерген және салық органдары бұл екі ұйымды кәсіби қызметіне байланысты нысанаға алғандай көрінеді. Тағы бір құқық қорғау ұйымы - «Қадір-Қасиет» ұйымына салықтық тексеру уақытша тоқтатылғанымен, аяқталған жоқ.
«Қазақстан билігі адам құқығы ұйымдарының елде дұрыс жұмыс істеуіне кедергі жасау үшін жалған салық тексерістерін қолданбауы тиіс. Үкіметтік емес ұйымдарына адам құқықтарын қорғаумен айналысқаны үшін тиісу жөнсіз» дейді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.
Салық қызметі былтыр Алматыдағы үкіметтік емес «Либерти» мен «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымдарын тексеріп, 2016 жылғы желтоқсанның соңында екі ұйымға миллиондаған теңге айыппұл салған. Салық органдары шетел гранттары есебінен жұмыс істейтін құқық қорғаушыларды корпоративті табыс салығын төлеуге міндеттеген.
Айыппұл салынған құқық қорғаушылар оны «ұйымымызды жоюды көздеген саяси тапсырыс» деп атайды.