Алматы мен Ташкент арасында 21 наурыздан бастап "Тұлпар-Тальго" жүрдек пойызы қатынай бастайды деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" компаниясы.
Пойыз Алматыдан дүйсенбі және сенбі күндері, Ташкенттен сейсенбі мен жексенбі күндері шығады, екі аралықты 16 сағат 30 минут жүреді. Компания ақпаратына қарағанда, пойыз жолында Отар, Шу, Тараз, Шымкент, Сарыағашқа тоқтайды.
Алматы мен Ташкент арасында жүрдек пойыз шығару туралы бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында келісім жасалып, оның жай-жапсары таяуда Ташкентте "Қазақстан темір жолы" компаниясы мен "Узбекистон темир йуллари" компаниясы өкілдерінің кездесуінде нақтыланған.
Келісім бойынша, тараптар мүмкіндігі шектеулі жолаушылар мен оларды алып жүретін жолаушыларға орын бағасының 70 пайызы көлемінде жеңілдік жасайды.