«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының хабарлауынша, сәуірдің 4-і күні Алматының Медеу аудандық соты Ratel.kz және Forbes.kz сайттарының журналистерінен Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі, бизнесмен Зейнолла Кәкімжанов пен оның ұлы, кәсіпкер Илхалид Кәкімжановтың пайдасына 50 миллион 200 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған.
«Жоғарғы сот сайтында жарияланған шешімге сәйкес, Кәкімжановтарға Forbes.kz сайтын шығарушы United Media Group жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен басылым бас редакторының орынбасары Александр Воротилов 16,5 миллион теңге, Ratel.kz интернет порталын шығарушы «ИТАЮ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, басылымның бас редакторы Марат Әсіпов, журналистер Геннадий Бендицкий мен Сапа Мекебаев – 26 миллион 900 мың теңге төлеуі тиіс. «Автодорсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы бас директоры Виталий Процентов талапкерлерге 6 миллион 800 мың теңге төлеуі тиіс» делінген қоғамдық қор ақпаратында. Бұған қоса жауапкерлер 502 мың теңгенің мемлекеттік баж алымын төлейтін болады.
Сонымен бірге сот Forbes.kz журналын интернеттегі сайтынан және басылымның әлеуметтік желілердегі парақшаларынан он мақаланы алып тастауға және тағы тоғыз мақалада жарияланған деректерді терістеуге міндеттеген. Ratel.kz интернет порталын сот шындыққа сәйкес емес деп тапқан 13 мақаладағы мәліметтерді терістеп, оларды сайттан түгел алып тастауға міндеттеген.
Ratel.kz және Forbes.kz сайттары журналистік зерттеулерінде экс-министр Зейнолла Кәкімжановтың «коррупциялық іс-әрекеттерге қатысы» туралы жазған.
Аталған басылымдардың журналистері сот шешімімен келіспейтіндерін және оған қарсы шағым беретіндерін мәлімдеген. Сәуірдің 6-сы күні Ratel.kz сайтында жарияланған хабарламада журналистер шындықты жазғандары туралы тағы да мәлімдеген.
Өткен жылы желтоқсанның 29-ы күні Ratel.kz интернет порталы редакциясына берген сотқа дейінгі талабында Қазақстанның бұрынғы қаржы және мемлекеттік кіріс министрі Зейнолла Кәкімжанов аталған басылымда 2016 жылғы мамыр және желтоқсан айлары аралығында жарияланған 9 мақалада өзі жайлы жазылған мәліметтерді терістеуді және оларды сайттан алып тастауды талап еткен.
Биылғы қаңтардың басында Кәкімжановтар сотқа талап-арыз түсіріп, Ratel.kz интернет порталы бас редакторы Марат Әсіпов пен журналист Сапы Мекебаевтың әрбірінен 2 миллион теңге, журналист Геннадий Бендицкиден – 6 миллион теңге, «Автодорсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы бас директоры Виталий Процентовтен – 5 миллион теңге, басылымды шығарушы «ИТАЮ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен – 6 миллион өндіртіп беруді сұраған.
Қаңтардың 11-і күні Алматының Медеу аудандық сотының судьясы Тимур Жұмамұратов жауапкерлерге сот туралы жазуға, өзге БАҚ-тарға үндеу жасауға және әлеуметтік желілерде комментарий жариялауға тыйым салған. Ақпанның 1-інен бастап судья бұл іс бойынша сот тыңдауын жабық режимде өткізу туралы шешім қабылдаған.