Орал қалалық соты Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының бұрынғы басшысы Мұрат Сыдықовты жазадан босатты деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орал қалалық сотының мәліметінше, сот әуелі Сыдықовты қылмыстық кодекстің 195-бабы 4-бөлімінің 2-тармағына сәйкес ("алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру") айыпты деп тауып, екі жылға бас бостандығы шектеу және мемлекеттік органдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айыру жазасын кесті. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық заңын қолданып, Сыдықовты аталған жазадан босатты.
56 жастағы Сыдықовқа әуелде "мемлекеттің екі жарым миллион теңге қаржысын талан-таражға салған" деген айып тағылған болатын. Бірақ сот қылмыстық істі қараған кезде Сыдықовтың "ұрлау мақсаты болмағанын анықтап", оның іс-әрекетін 195-баптың 4-бөлімі 2-тармағы бойынша бағалаған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Азаттық тілшісіне сот үкіміне қатысты ақпарат алу үшін Орал қалалық сотымен хабарласу мүмкін болмады.
Прокурор Дәурен Ибрашев бұған дейін сотта өткен жылғы көктем және жаз айларында Орал қаласы төңірегіндегі 11 қорымда қазба жұмыстарын атқарған ондаған жұмысшыға "бюджеттен бөлінген қаржының бір бөлігін Мұрат Сыдықов заңсыз иеленіп кеткенін" айтқан еді.
Тарих ғылымдарының докторы, археолог, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Мұрат Сыдықов өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.
Облыстық әкімдікке қарайтын тарих және археология орталығы 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде орталық археологтары облыс көлемінде барлығы 120-дан аса қорым аршып, екі мыңнан астам көне артефакт тапқан.