Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың орталығында "қала көркін бұзатын" ескі үйлердің әлі де қалғанына ашуланды. Маусымда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық мәселелеріне арналған жиында Назарбаев "Астана Арена" стадионына жақын маңда орналасқан бір қабатты үйлердің суреттерін көрсетті. Президент жиынға қатысып отырған қала әкімі Әсет Исекешевке қарата "Біз не туралы айтып отырмыз? Бұл жерге туристер келеді, суретке түседі, бүкіл әлемге көрсетеді. Бетін жуып-шайғансыңдар, ал арты жыртық. Көр" деді.
Назарбаев Астананың орталық аудандарын "ескі құрылыстан босату керегін", егер қажет болса "парламентке арнайы заң енгізуі қажет" екенін айтты. Назарбаевтың пікірінше, "ЭКСПО-ның арқасында тазартып алу" мүмкіндігі туып тұрғанда қаланы қазір "ретке келтіру керек".
"Ешкім мұндай "жұпыны үйлерден" ақша жасап, сауда істеп қалмауы тиіс. Инфрақұрылымы бар территорияларды пайдалану керек" деді Назарбаев.
Бұдан жиырма шақты жыл бұрын сол кездегі Целиноград қаласының шектері аймағы болған Астананың сол жақ жағалауындағы жер үйлер соңғы жылдары көптеп сүрілді. Жер телімдері "мемлекет қажеттілігіне керек" деген себеппен тәркіленіп, орнына жаңа нысандар салынды. Үйлерді сүру кезінде даулар да көп болды. Көп жағдайда үй иелері үйлері мен жер телімдері үшін берілетін өтемақыға көңілдері толмай, сотқа шағымданды, мемлекеттік органдарға хат жазып, үйлерін сүруге қарсы болды, наразылық акцияларын өткізді.
Биліктің мәлімдеуінше, Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі Қазақстанда іс жүзінде дамымаған сала - баламалы қуат көздеріне арналады.