Алматыда "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша өтіп жатқан сотта айыпталушыларға үкім оқылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Судья осы іс бойынша айыпталушы - қуғындағы оппозиционер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті "қылмыс жасауға оқталу", "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "өкілеттіктерін теріс пайдалану" баптары бойынша кінәлі деп танып, сыртынан 20 жылға соттады. Үкім бойынша, Әблязовтің дүние-мүлкі тәркіленіп, банкте кәсіби қызмет атқару құқығынан 3 жылға айырылады және 300 айлық есептік көрсеткіш (680700 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Сот банктің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықовты да Әблязовке тағылғандай айыптар бойынша кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Садықов бұған дейінгі сотта өзіне тағылған айыптарды ішінара мойындайтынын айтқан.
Банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов те тура Әблязовке тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Бірақ судья оған әуелі бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, бірақ оны "жазасын жеңілдететін жағдайларға" байланысты 5 жыл шартты жазамен алмастырды.
Сот сонымен қатар банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмешті "банк қаражатын заңсыз пайдалану", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлiктi заңдастыру жылыстату" және "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иелену" айыптары бойынша кінәлі деп таныды. Оған әуелі бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, бірақ оған да "жазасын жеңілдететін жағдайларға" байланысты 5 жыл шартты жаза кесілді.
Сот үкімі бойынша, Садықов, Жарымбетов және Мәмеш банкте кәсіби қызмет ету құқығынан 3 жылға айырылып, әрқайсысына 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Қайрат Садықовтың дүние-мүлкі тәркіленбек.
Үкім оқылған соң Қайрат Садықовтың адвокаты Құрышбек Тәңірбергенов сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
- Айыптау жағы Садықовтың түрлі компанияларға несие беру туралы құжаттарға Жарымбетовтің нұсқауы, мақұлдауымен, ұсынысымен қол қойғанын ескермеді. Садықовқа Жарымбетов басшылық жасаған, яғни ол Жарымбетовтің айтқанын орындауға тиіс болған, - деді Тәңірбергенов.
Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деп таниды.