Казкоммерцбанктің ірі акционерлері Кеңес Рақышев пен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры Алматыда "Халық банкпен"сатып алу-сату туралы келісімге қол қойды. Келісім бойыншша, Рақышев пен "Самұрық-Қазына" Казкоммерцбанктегі өздеріне тиесілі акциялар пакетін "Халық банкке" әр пакеті үшін 1 теңге бағаға сатады.
Казкоммерцбанктің хабарлауынша, сатып алу-сату келісімі 2 маусымда үкімет, Ұлттық банк және "Самұрық-Қазына", проблемалық несиелер қоры, БТА Банкі, "Халық банкі", Казкоммерцбанк және Кеңес Рақышев арасында қол қойылған келісім жобасы аясында жасалған.
Келісімді аяқтау бірқатар алдын ала шарттардың орындалуына, оның ішінде проблемалық несиелер қорының БТА Банктің белгілі бір активтері мен талап ету құқығын алуына, БТА Банктің Казкоммерцбанкке 2,4 триллион теңгеге жуық қарызын өтеуіне, Рақышевтің Казкоммерцбанкті құрушылардың бірі Нұржан Субханбердиннен банктегі акциясын сатып алуына байланысты болмақ. Бұл акция пакеттері "Халық банкіне" сатылады. Келісім шарттарында сонымен қатар "Қазақстандағы реттеуші органдардың мақұлдауын алып, басқа да қолданыстағы құзыретін иелену" де қарастырылған.
"Халық банкі" келісім аясында қадағалаушы органдардың талабы бойынша Казкоммерцбанкке 185 миллиард теңге капитал салатынын хабарлайды. "Халық банк" Казкоммерцбанкке капиталды өз қаржысы есебінен жұмсамақ" делінген "Халық банкінің" хабарламасында.
Келісім орындалған соң "Халық банктің" Казкоммерцбанктегі үлесі 96,8 пайызға дейін жетіп, бұл банктің негізгі акционеріне айналмақ.
Казкоммерцбанк пен "Халық банк" бірігу туралы мәміле жүріп жатқаны туралы осы жылдың басында хабарлаған. Бұл екі банктің елдегі банк секторындағы үлесі 38 пайызға жетеді.
Қазақстанның Ресейдегі елшісі, бұрынғы вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтің күйеубаласы Кеңес Рақышев Казкоммерцбанк капиталына 2015 жылы енген. 2016 жылы сәуірде оның банктегі акциясы 71,23 пайызға дейін артқан.
"Халық банкінің" ең ірі акционері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев бірге иелік ететін "АЛМЭКС" холдингі саналады. Ерлік-зайыпты Құлыбаевтар америкалық Forbes журналы жариялайтын әлемнің ең бай адамдары тізіміне кірген. Журналдың мәліметінше, Құлыбаевтардың байлығы төрт миллиард доллардан асады.