Астанада 11 тамызда бір топ ата-ана мен жоғары оқу орнына құжат тапсырған абитуриенттер білім және ғылым министрлігінің алдына жиналып, білім грантымен оқуға түсе алмай қалғандарына қатысты наразылықтарын білдірді.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиналған ата-аналар балаларының Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) мен Кешенді тестілеуден (КТ) жоғары балл алса да, кейбір мамандықтар бойынша "олардан төмен балл алған абитуриенттердің грантқа ие болғанын" айтып, мұның себебін түсіндіруді талап етеді.
Индира Әбікенованың айтуынша, ҰБТ-дан 126 балл жинаған жиені Қазақ мемлекеттік заң университетіне құқықтану мамандығы бойынша грантқа ілінбеген. Ол министрлік сайтындағы грант иегерлерінің тізімінен бұл мамандық бойынша осы университетке 108 балл жинаған өзге талапкердің оқуға түскенін көргенін және мұның себебін түсіне алмай тұрғанын айтады. Ол министрліктен өзінің жиенінен төмен балл жинаған талапкердің қалайша грантқа ие болғанын түсіндіруді талап етеді.
Астаналық талапкер Сәттігүл Қарақожа ҰБТ-дан 121 балл жинап, шетел филологиясы мен түркология мамандығына құжат тапсырғанын, бірақ оқуға түсе алмай қалғанын айтады. Оның сөзінше, бұл мамандыққа өзінен "төмен баллмен оқуға түскендер бар".
Астаналық тұрғын Ғани Ахмеджанованың айтуынша, немересі Темірлан Өмірзақов 114 баллмен Еуразия ұлттық университетінің құқықтану мамандығына грантқа ілінбеген.
- ҰБТ-дан 114 балл жинады, профильдік пәннен 31 балл алды. Осы балмен құқықтану және халықаралық құқық мамандықтарына түспей қалды. Мұнда 11 балмен құқықтануға, ал 104 балмен халықаралық құқық мамандықтарына түсіп отыр. Мен осыған наразымын. Бұл адамдар қандай негізде грантқа ие болды? Бұлар "Алтын белгі" иегерлері болғанның өзінде, конкурста басымдық беретіндей баллдары немеремнің балымен бірдей емес қой. Төмен баллмен түсіп отыр, - деді Ғани Ахмеджанова.
Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен Ұлттық тест орталығының басшысы Рамазан Әлімқұлов жиналғандарға арнап брифинг өткізіп, жағдайға түсініктеме берді.
Министрлік өкілдерінің сөзіне қарағанда, білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұған дейін "Алтын белгі" иегерлеріне конкурста басымдық берілмейтінін мәлімдегенімен, ол туралы тиісті заңдарға түзету енгізу жобасы парламенттің қарауында жатыр, яғни, әлі заңмен бекітілмеген. Осыған байланысты биылғы конкурс бұрынғы ереже бойынша жүргізіліп, грант өзге талапкерлерден төмен балл жинаса да алдымен "Алтын белгі" иегерлеріне берілген.
ҰТО басшысы Рамазан Әлімқұлов конкурс "Қазақстан заңдарына сай өткенін" ғана айтты.
Ата-аналар мен абитуриенттер наразылықтарын жазбаша түрде жазып, министрлік өкілінің түсініктемесін күтіп, тарқамай отыр.
Қазақстанда 11 тамызда мемлекеттік білім гранттарымен оқуға түскендердің тізімі жарияланған. Министрлік мәліметінше, биыл барлығы 37932 білім гранты бөлінген. Олардың 35082-сі 1-курсқа оқуға қабылдауға, 2850-і жоғары оқу орындары жанындағы дайындық курстарына оқуға бөлінген.
Биыл Қазақстанда мектеп түлектері ҰБТ-ны өзгеше форматта тапсырған. Министрлік мәліметінше, ҰБТ-ға қатысқандардың 84 пайызы жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік беретін межеден өтті. Бірақ биыл ең көп 140 балды ешкім алған жоқ. 14 066 адам ҰБТ-ның ең төменгі межесінен өте алмады.
ВИДЕО: Жаңа форматтағы ҰБТ (20.06.2017):
Your browser doesn’t support HTML5