16 тамызда Бішкектегі Бірінші май аудандық сотының судьясы Айбек Эрнис уулу Қырғызстандағы оппозициялық саясаткер, "Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевқа және Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі Дуйшенкул Чотоновқа сегіз жылдық түрме жазасын кесті. Судья жемқорлық айыбы тағылған екі сотталушының да дүние-мүлкін тәркілеу және жазаларын өтеп болғасын үш жыл мемлекеттік қызметтен шеттету туралы шешім шығарды.
Үкім оқылғасын наразылық білдіріп айғай салған сот залындағы жақтастарын Текебаев сабырға шақырды. 10 тамызда мемлекеттік айыптаушылар Омурбек Текебаевты 10 жылға, Дуйшенкул Чотоновты сегіз жылға соттауды сұраған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Оппозиция жетекшісін қамаудың салдары қандай болмақ?
Омурбек Текебаев биылғы 26 ақпанда ұсталып, Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысына жабылған еді. Президент Алмазбек Атамбаевтың негізгі сыншысы ретінде танылған Текебаевтың үстінен іс қозғауға ресми түрде ресейлік екі азаматтың арызы себеп болған. Алексей Модин мен Леонид Маевский делдал арқылы Омурбек Текебаевқа бір миллион АҚШ долларын беріп, "Мегаком" компаниясының акцияларын алғандарын мәлімдеген.
Текебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, елде биыл күзде өтетін президент сайлауы алдында саяси қудалауға ұшырағанын айтады. Тергеу органдары қылмыстық істің нақты айғақтар негізінде қозғалғанын мәлімдеп келеді.