Испания билігі 17 тамызда Барселона қаласының орталығында шағын жүк көлігі көпшілікке соғылғанда бір адам өліп, 32-сі жараланғанын мәлімдеді. Полиция бұл оқиғаны "террорлық шабуыл" деп сипаттады және жараланғандардың ішіндегі 10 адам әл үстінде жатқанын айтты.
Жергілікті БАҚ құрбандар санын 13 деп те көрсетіп жатыр. Бейресми ақпарат бойынша жүк көлігімен адам басқан жүргізуші қашып үлгерген.
Шабуыл Барселонадағы туристер көп баратын Пласа-де-Каталунья алаңында жасалған. Тарихи орынды полиция мен жедел жәрдем көліктері қоршап алған. Әзірше қайғылы оқиғаның жай-жапсары белгілі болған жоқ.
Былтыр осыған ұқсас жолмен терроршылар Еуропаның Ницца, Берлин, Лондон мен Стокгольм сияқты бірнеше қаласында көлікпен адамдарды қағып, жүзден аса жанды мерт қылған. Соңғы апталарда Барселонада туристерді қорқытып-үркітетін граффитилер пайда болған. Бұл қалаға жылына 11 миллион турист қыдырып келіп кетеді.
Your browser doesn’t support HTML5