Астанада Сирия дағдарысы бойынша алтыншы бейбіт келіссөздердің бірінші күні жабық есік форматында өтті. Күн соңында журналистер алдына шыққан Ресей делегациясының жетекшісі, Ресей президентінің Сирия дағдарысын реттеу бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев деэскалация аймақтарындағы «бақылаушылар» туралы айтты.
- Нақты деэскалация күштеріне басты назар салмас едім. Себебі құжат әлі жасалып жатыр. Кепіл елдер Түркия, Иран және Ресей бақылаушыларының қатысуы қаралып жатыр. Астана процесінің негізі – үш кепіл елдің жұмысы. Бақылаушы ретінде Қытай, БАӘ, Египет, Ливан, Қазақстан сынды елдердің кандидатурасы да қаралады. Деэскалация аймағына жіберілетін елдерге бақылаушы ретінде қойылатын талаптарды қарап жатырмыз, - деді Александр Лаврентьев.
Журналистердің "Бақылаушылар деп кімді айтасыз? Бітімгер жасақтар ма?" деген сұрағына Ресей өкілі:
- Қазір деэскалация аймақтарының қауіпсіздік сызықтары, бақылау, өткізу пунктерін орналастыру келісіліп жатыр. Әңгіме Ресейдің әскери полициясы жайында. Қазірдің өзінде олар Идлиб, Хомс, шығыс Гута аймақтарында бар, - деп жауап берді.
Сирия бойынша бейбіт келіссөздер 14-15 қыркүйекте Астанада өтіп жатыр. Бұл жолғы жиынның күн тәртібінде Сириядағы тарихи-мәдени жәдігерлерді минасыздандыру және деэскалация аймақтарын бақылау күштерін анықтау енген.
Мұның алдында осындай бес жиын өткен. Биыл 3-4 мамырда Сириядағы оппозиция мен үкімет жасақтарының жанжалына арағайын болып жүрген үш ел - Ресей, Түркия және Иран деэскалация аймақтарын (Идлиб провинциясы, Хомс солтүстігі, шығыс Гута және Сирияның кейбір оңтүстік аумақтары) құру туралы меморандумға қол қойған.