Шұқырсай ауылында 500-ге жуық оқушы бар. Олар көршілес жатқан Аққорған ауылындағы Бекманов атындағы №114-мектепке қатынап оқиды.
Суретте: автобус күтіп тұрған Шұқырсай оқушылары. Оңтүстік Қазақстан облысы, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Автобус күтіп тұрған мектеп оқушылары мен ат мінген ауыл тұрғыны.
Шұқырсай тұрғындары өздеріне би сайлап алған 60 жастағы Ялдашбай Абдикадировтың айтуынша, мектеп жасындағы 490 баласы бар ауылдағы көкейкесті мәселе – мектептің жоқтығы. "Жергілікті әкімдікке мектеп салып беруін сұрап өтініш айтып жүргенімізге 10 жылдан асты. Нәтиже жоқ" дейді ол.
Жарты сағат бұрын келіп автобус күтіп тұрған оқушылар.
50-ден аса бала мінген автобус. Бес баласы Аққорғандағы мектепте оқитын Шұқырсай тұрғыны Халима Анарбаева 114-мектептегі ата-аналар жиналысына ауылдан балаларды оқуға таситын автобуспен арнайы барып көргенін айтады. "Бір автобусқа 70 шақты бала мінді. Бәрі бастауыш сынып оқушылары. Ауасы тар көлік ішінде балалар бірінің үстіне бірі мінгендей болып тұрып барды. Бірінің сөмкесі, бірінің бантигі жерге түсіп жатты. Терлеп, ыстықтан шөлдеп су сұрағандар да болды" - дейді ол.
33 жыл мұғалім болып жұмыс істеген зейнеткер Замира Рахимованың айтуынша, таңертең автобустан қалып қойған немесе симай қалған балалар 6-7 шақырым жердегі мектепке шаңды кешіп жаяу барады, кейде жаяу қайтады. "Жол жүріп шаршаған баланың миына сабақ кіре ме?" дейді ол.
Шұқырсай ауылының тұрғындары ескі автобуспен мектепке қатынайтын балалырының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтады.
Шұқырсай ауылында тұратын Муниса Ганибаеваның бес баласы Аққорғандағы мектепте барып оқиды. "Балаларды көрші ауылдағы мектепке таситын автобус ескі әрі тарлық етеді. 70 баланы мінгізіп бірден алып кетеді. Кейде балалар автобусқа сыймай қалады" - дейді ол.
Шұқырсайдан 6-7 километр қашықта орналасқан Аққорған ауылындағы Бекманов атындағы №114-мектепке кіріп бара жатқан оқушы.
Біртілек ауылдық округі әкімдігінің сектор меңгерушісі Мұхамедәлі Әзімбаев жергілікті биліктің Шұқырсай ауылында мектеп салу жоспары бар екенін айтады. "Қай жерге салу керектігі талқыланып жатыр" деген ол мектеп құрылысының қашан басталатыны туралы нақты жауап бермеді.
Шұқырсай ауылына ауызсу тартылғанымен, шеткі көшелеріне жеткізілмеген. Бұл көшелердің тұрғындары ағын суды тұндырып ішеді.
Шұқырсай ауылының көшелерінің бірі.
Шұқырсайда 2400-дей адам тұрады. Көбі егін егіп, мал асырайды. Ауыл халқының негізгі көлігі - арба.
Суретте: балаларымен бірге есек арбаға мініп кетіп жатқан әйел. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы, 14 қыркүйек 2017 жыл.