Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тұрғыны Ербол Тұрғанбаев «10 және 8-сыныпта оқитын екі қызын үш күн мектепке кіргізбей қойған» №5 мектеп-лицейді сотқа бергенін айтады.
Ербол Тұрғанбаев "Айым мен Көркем кимешек киетін. Екеуін қыркүйектің 7-сіне дейін сабаққа кіргізбеді. Бұлар конституциялық құқығыма қол сұғып отыр. Соны айтсам, мектеп директоры білім министрлігінің бұйрығын көрсетеді. Қашаннан бері министрдің бұйрығы конституциядан жоғары тұратын болған?!" дейді.
Мектеп-лицей директоры Әлия Әбдіғапарова «Тұрғанбаевтың 2012 жылы жазған түсініктемесі сақтаулы. Онда ол «айнала жын-шайтан, содан сақтану үшін қызым орамал тағып жүр» деп жазған. Ал биыл «балаларымның басындағы қазақтың ұлттық киімі - кимешек. Сіз ұлттық киімге қарсысыз» деп мені айыптап шықты. Қазақ қызы кимешек кимеген әрі олардікі кимешек емес. Мектебіміз - аралас мектеп. Қазақтан басқа орыс, өзбек, балқар халқының ұл-қыздары оқиды. Ата-аналар мектеп формасының біркелкі болғанын қалайды» дейді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылындағы Фердауси атындағы жалпы орта мектепте сабақ тәжік тілінде беріледі. 760 оқушының 56 пайызы қыздар. Жоғарғы сыныптарда оқитын қыздардың барлығы, бастауыш сыныптағы қыздардың тең жартысы мектепке орамал тағып келеді. Бұл мектепте де орамал дауы шығып, тұрғындар наразы болып отыр.
Фердауси атындағы жалпы орта мектептің ғимараты. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылы, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Оқушы қыздардың орамалын шешуге қарсылық білдіруге келген ауыл тұрғындары. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылы, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Фердауси атындағы жалпы орта мектепте оқушы қыздарды сабақтан шығарып жатқан мектеп мұғалімі.
Немерелері осы мектепте оқитын әрі өзі осындағы ата-аналар комитетінің төрағасы Абдусамат Гафуров "оқушы қыздардың тағып жүрген орамалына байланысты тамыз айынан бері бірнеше жиналыс болғанын" айтады. "Бар мәселе – орамалда болып тұр. Ата-аналар да оқушы қыздар да орамалды шешуге қарсы. Бұл хиджаб емес, баяғыдан келе жатқан салт-дәстүріміз" дейді ол этникалық азшылық құқықтарына сілтеме жасап.
Ал Фердауси атындағы жалпы орта мектептің директоры Жанар Момынова:
- Министрліктің (Білім және ғылым министрлігін айтады – ред.) №26 бұйрығында бірыңғай мектеп формасы енгізілсін дегенімен оның қандай болатыны ата-аналар комитетінің жиналысы хаттамасымен анықталатыны айтылған. 16 рет жиналып талқыладық. Ата-аналар орамал тағуды бекітті. Бұл жерде 70 жылдан бері орамал тағып келген. Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп оқушы қыздардың 70 пайызы орамалды шешті. Жоғарғы сыныпта оқитын оқушы қыздар әлі тағып жүр. Бұл ата-аналардың шешімі, - дейді.
Орамалдарын шешіп бірыңғай мектеп формасын киген бастауыш сынып оқушылары мектеп ауласында жүр. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылы, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) былтыр «мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындары басшыларымен ортақ мәмілеге келуге» шақырған. 2016 жылы қазандағы мәлімдемесінде ҚМДБ шариғат талабы бойынша ата-анасы кәмелеттік жасқа толмаған қызына орамал таққызып, жалпыға ортақ білім алуына тыйым салмауы тиіс екенін айтқан. ҚМДБ-ның мәлімдемесінде «Ата-аналар Қазақстандағы білім беру жүйесі оқытуға ғана емес, адамды өнерге, спортқа, зияткерлік дамытуға бағытталғанын сезінуі керек» деп жазылған. Діни басқарма ата-аналарды қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге шақырған.
Былтыр білім министрінің орынбасары болған Эльмира Суханбердиева 2016 жылы қаңтардың 14-і шыққан №26 бұйрығын «Діни киімді білім мекемесінде киюге болмайды. Одан тыс жерде не кисе де еркі. Діни көзқарасқа да шектеу жоқ. Біз оқушы құқығын бұзбаймыз. Бірақ олардың да ережені бұзуына жол бермейміз» деп түсіндірген еді. Ол ережеге сай мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек.
Суретте: Фердауси атындағы жалпы орта мектепке келе жатқан орамал таққан оқушы.
Фердауси мектебінен үйіне қайтып бара жатқан оқушылар. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылы, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Құқыққорғаушы Евгений Жовтис орамал дауына қатысты «бұл жерде адам құқығы шектелді деу қиын. Халықаралық тәжірибеде әр мемлекет өзіндік менталитет, салт-дәстүр ерекшелігіне қарай діни атрибутика мектепте болған жөн ба, жоқ па деген мәселені өзі шешуі тиіс» дейді.
Фердауси атындағы жалпы орта мектебінің ауласында жүрген оқушы қыз.
Сабақ тыңдап отырған бастауыш сыныптағы оқушы қыздар. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Фердауси ауылы, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Білім және ғылым министрлігінің былтырғы оқу жылының ортасында шығарған бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрығы биылғы оқу жылының басында барлық дерлік аймақтарда дауға айналып жатыр. Мектеп пен діндар ата-аналар арасындағы тығырыққа тірелген кикілжің енді жерде-жерде сотпен шешілетін сияқты.