Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) 2012 жылғы қаңтардан 2015 жылғы тамыз айына дейінгі аралықта ресейлік споршылардың допингке тексеру сынамалары бар деректерге қол жеткізген. Бұл туралы ақпарат осы агенттіктің сайтында жарияланды.
WADA қазан айының соңынан бері деректер базасындағы мәліметтерді зерттеумен айналысып жатқаны туралы хабарлаған. Агенттік мамандары деректерге жүргізген зерттеу қорытындысымен қарашаның 15-16 күндері, осы ұйымның атқару комитетінің отырысы кезінде таныстырмақ.
Америкалық The New York Times басылымының жазуынша, халықаралық агенттік ресейлік спортшылардың допингке тексеру нәтижелері жазылған деректерді ресми жолмен емес, әлдебір "ақпарат беруші" арқылы алған.
2016 жылғы шілде айында Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) Ресей спортында, биліктің бойкүйездік танытуы салдарынан, спортшылардың тыйым салынған препараттарды пайдалануы жаппай сипат алғаны туралы баяндама жариялаған. Ресейдің атына допинг сынамаларын жүйелі түрде бұрмалайды және 2014 жылы Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындары кезінде бірқатар ресейлік спортшылар допинг қабылдаған деген айыптаулар айтылып келеді. Допинг жанжалына байланысты жүргізілген тексерулер нәтижесінде 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы олимпиадаға ресейлік жеңіл атлетика құрама командасы шеттетілген еді.
Биыл желтоқсанның 5-6 күндері халықаралық Олимпиада комитеті Ресейге қатысты қандай жазалау шарасын қолдану туралы шешімін жариялауы тиіс. Кей болжамдар бойынша, халықаралық комитет Ресей құрамасын 2018 жылғы ақпанда өтетін қысқы олимпиада ойындарынан шеттетуі де мүмкін.