Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) ресейлік бес спортшыны өмір бойына жарыстан шеттетті. Скелетоншы Сергей Чудинов, бобслеишілер Алексей Негодайло мен Дмитрий Труненков және биатлоншылар Яна Романова мен Ольга Вилухинаның допинг қолданғаны анықталған.
Олардың 2014 жылы Сочидегі Қысқы олимпиадада көрсеткен нәтижелері жойылды. Осылайша, Ресей Сочидегі олимипиада ойындарында алған екі алтын, үш күмістен айырылды.
Қарашада дпоинг қолданғаны үшін 10-нан астам ресейлік спортшы өмір бойына жарыстан шеттелілген еді. Бұдан соң Ресей құрамасы бұған дейін Сочидегі ойындардың бейресми есебі бойынша иеленген бірінші орнынан айырылған. Ричард Маклареннің тәуелсіз комиссиясы екі жыл бұрын жариялаған зерттеуі бойынша, Ресейде мыңнан астам спортшы допинг қолданған. Тыйым салынған препараттарды қолдану жүйесін мемлекет қолдаған.
Он жеті елдің допингке қарсы ұлттық агенттігі Ресейді 2018 жылғы Олимпиада ойындарынан шеттетуді талап етіп жатыр. Бұл жөнінде нақты шешім желтоқсан айында қабылданады.