Астана соты "Қазақстан инжиниринг" компаниясының басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековті "пара алды" деп айыптап, 10 жылға бас еркіндігінен айыру жазасын кесті. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, сот сонымен қатар оны мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруға үкім шығарды. Сұлтанбеков сот залынан қамауға алынды. Үкім бойынша, Сұлтанбеков жазасын қатаң режимдегі колонияда өтемек.
Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сотының судьясы Баязид Дәрібаев бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Сұлтанбековті мемлекеттік "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс жасады.
Биыл ақпан айында "Қазақстан инжиниринг" Қанат Сұлтанбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлаған. Ол коррупциялық қылмысқа қатысы бар деген күдікпен әуелде қамауға алынып, маусымда үйқамаққа шығарылған болатын.
Today.kz сайтының хабарлауынша, бүгін сонымен қатар осы іс бойынша сегіз адам - Қанат Байқадамов, Айбек Бектұрғанов, Ғимран Бисенов, Мәлік Сыздықов, Мұхтар Қарабеков, Әрсен Төлемісов, Гиль Смолинский және Мбэрэкрэхима Габдул-Кабироваға да сот үкім шығарған. Сот процесі жабық өткен, үкім жарияланған кезде журналистер кіргізілмеген.
41 жастағы Сұлтанбеков компания басқарма төрағасының орынбасары қызметін 2015 жылдың ақпанынан бері атқарған. Компанияның бірден-бір акционері "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры саналады. Компания 2016 жылдың желтоқсанынан бері қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқаруында.